Белгілі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров "Алтын дала" резерватына барғанын, бірақ заңсыз аң ауламағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Жуырда бизнесмен Батыр Сейкенов әлеуметтік желіде Тоқтар Әубәкіровті Қостанай облысындағы "Алтын дала" резерватының аумағында заңсыз аң аулады деп айыптады.
Ғарышкер Торғай жаққа барғанын жасырмады. Бірақ аң атпақ түгілі қолыма мылтық алған жоқпын деп отыр.
"Мен барғанмын. Әкім де біледі, бәрі де біледі. Қолыма мылтық та алған жоқпын. Аумақтан ары қарай кіріп өттім. Соның аумағына кірді деп ойлаған ғой өзі. Содан кейін енді не істеу керек? Көтеру керек бар мәселені, көтеріп бәрін айқай-шу жасаған. Өз обалы өзіне... Мен оған мән бергім келмейді", - деді Әубәкіров.
Ғарышкер Батыр Сейкеновті жақсы білетінін, тіпті кезінде оған қолдау көрсетіп, қолтығынан демегенін айтты.
Ал "Алтын дала" резерватының басшылығы Тоқтар Әубәкіровты өз аумағында көрмегенін мәлімдеді.
"Мен өзім ешкімді де көрген жоқпын. Тоқтар Әубәкіровті де көрген жоқпын. Мен неге өтірік айтуым керек? Көрген жоқпын, бір-ақ ауыз сөз. Біздің аумаққа ешкімге кіруге болмайды. Рұқсат жоқ. Мен содан басқа ештеңе айтпаймын", - деп жауап берді резерват директорының міндетін атқарушы Дүйсеғали Айтбаев телеарна тілшісіне.
Бұған дейін кәсіпкер Батыр Сейкенов желідегі парақшасында Тоқтар Әубәкіровтің Торғай даласында заңсыз аң аулағанын жазды.
Қазақстанның экология министрлігі әлеуметтік желідегі жазбаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның ақпаратынша, Әубәкіров биыл "саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін (қасқыр) алу" қызметін алуға үш рет өтінім берген. Алайда өтініш иесіне бұл аумақта аң аулауға рұқсат берілмеген.
"Браконьерлік фактілері туралы хабарланғаннан кейін резерватта мобильді топ құрылды, онда рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі уақытта бөтен адамдар байқалмаған, бірақ резерват аумағынан кіру және шығу іздері табылды", - деді министрліктен.
Қостанай облысындағы "Алтын дала" резерваты ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Ол жерде аң аулауға заңмен тыйым салынған. Сондықтан мұндай аумақтарда аң аулау әрекеттерінің кез-келген көрінісі браконьерлік болып саналады.
Қылмыстық кодекске сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз аң аулағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.