08 қар, 2022 сағат 17:33

Тоқаевтың сынынан кейін "АрселорМиттал Теміртау" шахталары тексеріледі

© Sputnik

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайтын барлық шахтада тәуелсіз аудит жүргізіледі. Мұндай шара Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апаттан кейін қолға алынып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"АрселорМиттал ТМД" атқарушы вице-президенті Виджай Гоял Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында аудитор-компанияны Қазақстан Үкіметі таңдайтынын мәлімдеді.

"Үшінші пункт сырттай бағалауға қатысты. Күні кеше бұл жайлы Президент Тоқаев айтты, біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Сырттан тәуелсіз сарапшылар тартылады. Олар шахтадағы процедураларды, қауіпсіздік мақсатында қалай пайдалануға болатынын қайта қарайды", - деді ол.

"АрселорМиттал ТМД" атқарушы вице-президенті қаза болған және зардап шеккен кеншілердің отбасыларынан кешірім сұрап, шахталарда қауіпсіздікті жақсартуға уәде берді.

"Қызметкерлер, әріптестер мен жұртшылық алдында кешірім сұраймын. Қазіргі жағдайға мүлде көнуге болмайды. Біз үшін маңызды басымдық – марқұмдардың отбасылары мен жарақат алғандарға қамқорлық көрсету. Менің міндетім – жағдайға жан-жақты, тереңірек үңілу. Біздің қауіпсіздікті жақсарту жөнінде аса маңызды жоспарымыз бар", - деді вице-президент.

Ол Ленин атындағы шахтада барлық жұмыс уақытша тоқтатылғанын нақтылады. Тек нысанның жұмысын қамтамасыз етуге қажетті аса маңызды учаскелер ғана істеп тұр. Виджай Гоял шахталарда жүргізілетін жұмыстар мен олармен байланысты тәуекелдерді қайта қарауға уәде етті.