17 нау, 2022 сағат 17:17

«Тоқаевты түсіндім. Оған сенуге болады» - Жұрт көңілінен шыққан Жолдау


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы елімізде, әлемде маңызды оқиғалар өрбіп, болашаққа қатысты белгісіздіктер басым бола түскен тұста жарияланды. Сондықтан болар, осы Жолдауға жұрт ерекше назар аударған сияқты. Ал Жолдаудың бұрынғылардан өзгеше болғандығы әлеуметтік желідегі жазбалардан да байқалады. Осы ретте белгілі ғалым, профессор, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлының парақшасындағы пікіріне назар аудартқанды жөн санадық, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгін күнделікті жұмыс барысында 30-40 адаммен ұшырасқан шығармын. Ішінде әріптес те, өңірден келген зиялы да, шәкірт-жастар да бар. Бәрінің жүзінен, ниетінен сенім мен жігерді байқадым. Кездескендер: «Тоқаевтың сөзін тыңдадық. Президент жақсы айтты. Жұрт риза!» - дейді. Пікірдің бәрі осыған ұқсас. «Енді не болады?» деп, сарыуайымға салынып жүретін егделеу көршімнің өзі былай бір қайырды: «Тоқаевты түсіндім. Оған сенуге болады!». Мұның бәрі - бейресми, адами сөздер мен пікірлер. Бірақ сең Қазақ еліңнің баяндылығына қарай қозғалғанын көрсететін өмірлік деректер... 

Мемлекет басшысы Жолдауында қаңтар қасіретінің себеп-салдарынан бөлек елдің бүгінгі һәм алдағы саяси және әлеуметтік тағдыры сөз етілді. Айтылған 10 бағдардағы ұсыныс та өмірдің қайнауынан, тіршіліктің өзегінен алынған. Саяси жүйе, соның ішінде Президент өкілеттілігі, Парламент тегеуріні, Үкімет кәсібилігі, Сайлау жүйесіндегі өзгерістер, Сот пен құқық істеріндегі жоғары талап, БАҚ пен азаматтық қоғам жаңғыруы, Партия құрылысы, Өңірлер серпілісі т.б. қадау-қадау өзекті мәселердің шешу тетігі көрсетілді. Иә, қордаланған зәрулікті, түйінді тарқатудың жолы да, жөні де бар. Біріншіден, оны зерттеу керек. Екіншіден, оны шешудің оңтайлы тәсілін ұсына білу керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеде кәсіби мамандарға иек артатыны байқалады. Халық айтатын «басшыдағы қырық адамның ақылы» - осы. Адамын тап, маман миына салмақ сал, сонан соң пәтуасын айт! 

Президент Жолдаудың кіріспесінде де, қорытындысында да халық, ел, Тәуелсіздік мүддесінің өзінен, құзыретінен биік тұратынын мәлімдеді. Бұл - жауапкершіліктің сөзі. Бәлкім Ел басшысы антының жаңғырығы. 

Қарапайым адами қасиет биік мемлекетшіл қасиетті құрайды. Ел басшысының «Президентке туыс адамдар жоғары лауазымды билікте болмауы керек» немесе «Президент және лауазымды тұлғалар билікке жеткенде бір ғана партияның мүшесі бола алмайды» дегенге саятын ұсыныстарын халық алақайлап қабылдағаны анық. Сондай-ақ Парламенттегі Қазақстан халықтары Ассамблеясының орнын шақтау мен депутаттыққа үміткерлердің бір бөлігі мажоритарлық жолмен келуге қатысты ұсынысы да өте өзекті естілді. Бәсекенің аты - бәсеке. Сайлау мәресінің де соқпағы тақтайдай тегіс болмайды. Сонымен бірге халқымызды жұртта қалғандай күйдегі Семей, Жезқазған т.б. кеше облыс болған өлкелердің тағдыры мен Алматы өңірі тұрғындарының аса тығыздығы толғандыратын. Қ.К.Тоқаев осы түйінді де шешті. Ел картасында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Д.Қонаев қаласының таңбаланатын күні де алыс емес. «Өшкен жанды» деген осы болса керек. 

Президент Жолдауы екі үлкен бағдардағы іс-шаралар кешенін айқындады: 1) Елді жаңартудағы оңтайлы саяси-құрылымдық өзгерістер. 2) Халықты ортақ мақсатқа жұмылдырудағы мемлекетшіл идеологиялық жұмыстар. 

Қарапайым тілмен айтсақ, «барды ұқсату, кемді толықтыру» болып шығады. Ең бастысы, әсіре ұрансыз, кеуде соқпай, мақтаншақтыққа ұрынбай әлеуметтің жүгін арқалаудың абыройлы, сауапты жолы. Бұл сенім мен жігерді бекемдейді. Жолымыз баянды, тілегіміз байыпты болсын!»