22 жел, 2021 сағат 19:20

Тоқаевқа «Самұрық-Қазынаның» биылғы табысы жайлы есеп берілді


Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының биылғы атқарған қызметінің негізгі өндірістік көрсеткіштері мен қаржылық қорытындылары туралы есеп берілді.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қордың биылғы табысы 10,5 триллион теңге болады деп болжанып отыр. 

Бұл - жоспарлы көрсеткіштен 22 пайыз жоғары. 

Бұған мұнай бағасының көтерілуі, жүк тасымалы мен транзит көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ электр қуатын өндіру және тарату көрсеткіштерінің артуы негізгі фактор болды. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысына әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды қаржыландыруға қатысты тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді. 

Атап айтқанда, газбен және сумен қамту, көлік және энергетика салаларындағы 11 басым жобаның іске асырылу барысы туралы баяндалды. 

Қорды басқару кеңесі жобаларды мақұлдап, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына енгізді.