04 мау, 2019 сағат 11:43

"Жемқорлық - ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" - ҚР Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында өңірдегі жемқорлықпен күрес туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

«Облыста жемқорлыққа қарсы күрес саясатын күшейту керек. Жемқорлықты жою барлық деңгейдегі әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Әкімдерге жеке жауапкершілік жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.

Президент ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуы жемқорлықпен күрестің нақты нәтижелеріне  тікелей байланысты екенін атады.

«Бұл қоғамдық кесел ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Алайда бұл мақсатқа жету үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Азаматтар қоғамдық өмірге белсене араласуы керек», - деген Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы жолдардың сапасын сынға алды.

«Облыста 2 мың шақырымнан астам автокөлік жолы бар. Бірақ, оның тең жартысына жуығы нашар. Қалған 217 шақырым жолды жөндеу жұмысын 2021 жылдан кешіктірмей қолға алуды тапсырамын. Аталған жобаға қосымша 65 млрд теңге бөлінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірдегі гидротехникалық нысандардың ескілігіне де тоқталды.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді айтпай кетуге болмайды. Гидротехникалық нысандар ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген, жаңғыртылмаған.  Өздігінен су шығарып жатқан 120 ұңғыма өңірдің су қорына айтарлықтай нұқсан келтіруде. Олар жойылуы тиіс!», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.