02 нау, 2022 сағат 23:40

Тоқаев Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті


Қазақстан Президенті Украина басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина тарапының бастамасы бойынша Президент Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті", - деді Берік Уәли. 

Ақорда мәліметінше, тараптар Украина төңірегіндегі ахуал бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және одан әрі болдырмау үшін келіссөздер барысында уағдаластыққа қол жеткізудің маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшылары екі елдің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға келісті.

Еске салайық, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен болатын. Мемлекет басшылары екі елдің экономикалық жағдайы мен сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады. Қазақстан Президенті Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты келіссөздер барысында ортақ келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті.