10 қаң, 2022 сағат 16:18

Тоқаев террористік шабуыл болғанын растайтын дәлелдерді әлемге көрсетуге уәде берді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда террористік шабуыл дайындалғанын растайтын дәлелдерді әлемдік қоғамдастық сотына ұсынатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жуық арада, алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін, біз әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы жүргізілген террористік шабуыл дайындығы мен оны жүргізуге қатысты қосымша дәлелдер ұсынамыз. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар қаскөйлердің, террористердің, қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерінің толық әрі әділ тергелуіне мүдделі екеніне сенімдімін", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы асығыс тұжырым жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Тоқаев Қазақстан бұл қиын кезеңді жеңіп шығатынына сенгендерге алғыс білдірді.

"Қазақстан өзінің жаңа тарихындағы ең қиын кезеңді еңсереді деп о баста сенім артқандардың бәріне алғыс айтамын. Бұл, әсіресе, ҰҚШҰ-ға қатысты. ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы бітімгерлік әлеуетін ықпалдаса отырып, барынша қауіпсіз, тиімді әрі қысқа мерзімге пайдаланатынымызға сенімдімін", - деді Тоқаев.