ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қарашада өтетін сайлау алдындағы телевизиялық пікірталасқа неліктен қатыспайтынын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Үгіт-насихатты кандидаттың өзі анықтайтын сенімді өкілі өкілеттігі шегінде жүргізеді. Сондықтан бұл жағдайда сенімді өкіл кандидаттың атынан пікірсайысқа қатысады. Өйткені, кандидат оған сенім білдіріп отыр. Нақты себебіне келер болсақ, бұл сұрақтың Орталық сайлау комиссиясына қатысы жоқ. Біз алғашқы отырыс өткізгеннен кейін барлық штабқа сауал жібердік. Штаб бізге дебатқа қатысатын кандидатураларды ұсынды. Сенімхатын қарадық. Олар міндеттерге толық сай келеді. Сондықтан осындай тізім бекітіліп отыр», - деді Анастасия Щегорцова.
Айта кетейік, кезектен тыс президент сайлауы алдындағы телевизиялық дебат 11 қараша кешкі 20.00-де "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде өтеді. Пікірсайыстың ұзақтығы кемінде 80 минут. Дебатты ұйымдастыруға 63 миллион теңге жұмсалмақ.
Телевизиялық дебатқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспайды, оның атынан сенімді өкілі Ерлан Қошанов сөз сөйлейді. Қалған кандидаттар пікірталасқа өздері келеді.