Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен елорда әуежайында кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу рәсімі барысында мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға келуге шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.
– Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екені сөзсіз. Сіздің сапарыңыз, ең алдымен барша қазақстандықтың назарын аударатынына кәміл сенемін. Сіздің сапарыңыздың аясында мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның, дипломатиялық корпустың және БАҚ-тың өкілдері қатысатын іс-шара өтеді. Барлығы Сіздің сөйлейтін сөзіңізді асыға күтіп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуыңыз – зор маңызы бар оқиға. Сіздің шараға арнайы қатысуыңыз аталған форумның табысты болуына үлкен септігін тигізеді. Жиын қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр деуге болады, – деді Президент.
Кездесуден кейін жоғары мәртебелі қонақтың кортежі Ақордаға бағыт алды.
Бұған дейін Рим Папасы мінген ITA Airways әуекомпаниясының AZ4000 рейсі елорда әуежайына сағат 17.18-де қонғаны хабарланған болатын.