22 шіл, 2022 сағат 20:29

Тоқаев QazaqGaz басшысын қабылдады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке QazaqGaz ҰК акционерлік қоғамының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған қаржы-шаруашылық жұмыстарының қорытындысы, сондай-ақ, ішкі нарықты тауар газымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның қабылдаған шұғыл шаралары ішкі нарықтағы тауар газының тапшылығын болдырмауға мүмкіндік бергені жөнінде баяндалды.

Санжар Жаркешовтің айтуынша, қазір ішкі нарықтың газға деген сұранысы толық қамтамасыз етілген. QazaqGaz Қашағанда қуаты 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салуға кіріскен. Газды барлау және өндіру жөніндегі жаңа жобаларды іске қосу арқылы ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.

Мемлекет басшысына компанияның қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексеру жұмысының барысы туралы мәлімет берілді. Қазақстанның газ тасымалдау жүйесіне халықаралық техникалық аудит жүргізіліп жатыр. Ұлттық компанияның шығындарын оңтайландыру нәтижесінде жыл басынан бері 9 миллиард теңге үнемделген. 

Бұдан бөлек, QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы газға қосылу жөніндегі техникалық шарттарды беру үшін талап етілетін құжаттар тізімін қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Баға белгілеудің әлеуметтік әділ реформасына қатысты шаралар кешені әзірленіп, қарауға ұсынылған.

Кездесу соңында Президент бірқатар міндет жүктеді, соның ішінде еліміздегі газбен қамту жұмыстарының қарқынын арттыру жөнінде тапсырма берді.