11 мау, 2023 сағат 16:43

Тоқаев өрттен қаза тапқан жандардың отбасынан кешірім сұрады - видео

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен көз жұмған орманшылардың туыстарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар.

Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі» - деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді.

«Зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалады. Мен сіздерге уәде беремін. Президент жанынан арнайы қор құрылады. Зардап шеккендерге жеке көмек көрсетемін» - деді Мемлекет басшысы.

Президент алдағы күндері барлық мәселе шешілетініне уәде берді.

"Атқарушылардың барлығы осында. Сіздердің барлық қажеттілігіңіз бойынша тізім жасалады. Бүгін – жексенбі, келесі аптада барлық мәселе шешіледі. Өтініштеріңіздің бәрі орындалады, - деді Тоқаев.


видео: ҚазАқпарат