Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясына одан ары төрағалық етудің орындылығы туралы мәселе кейінірек талқыланатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, мен «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды топтастыру жөніндегі жұмысқа кірісуге дайын екенінен туындады", - деді Тоқаев Nur Otan съезінде.
Тоқаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде ол ашық және әділ саяси бәсекелестіктің кепілі болады.
"Менің конституциялық міндетім – биліктің барлық тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету.
Бұл жағдайлар, әрине, Президенттің кез келген партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақтауын білдіреді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, мүмкін жыл аяғына қарай менің «Nur Otan»-ға одан ары төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының теңдессіз мәртебесін саяси реформалардың ауқымды пакетінде түпкілікті бекіту қажет", - деп қосты Президент.