14 қаз, 2022 сағат 17:38

Тоқаев: Кейбір елдерде арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір елдердегі арандатушылар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алу жөніндегі өзара іс-әрекеттердің маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті.

«Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді. 

Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты.

Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттер басшыларына қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Бұл, әрине, біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді» - деді Тоқаев Орталық Азия – Ресей саммитінде.