30 қыр, 2022 сағат 13:20

Тоқаев Қазнетке жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауы жарияланғалы бері елімізге кибершабуыл күшейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Қазір елімізде үлкен саяси науқан басталды. Әрине, сайлау болғаннан кейін түрлі пікірталастар болады. Сонымен қатар, ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет.

Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз» - деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.

Еске салсақ, жуырда Мемлекеттік техникалық қызмет бірнеше күннен бері қазақстандық интернет сегментіне кибершабуылдар жасалып жатқанын хабарлаған еді. Ведомство мәліметінше, мақсатты кибершабуылдар елдің мемлекеттік органдарына және Қазнеттің инфрақұрылымына бағытталған. Кибершабуыл салдарынан интернет байланысының нашарлауы байқалады.