Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Украинадан Ресейдің ықпалымен бөлінген "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасын" мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар. Турасын айтайын, біздің қоғам ашық. Азаматтық қоғамның толысқаны анық байқалады. Сондықтан әртүрлі ой айтылады. Дегенмен былай дер едім: қазіргі халықаралық құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ Жарғыдағы қос негізгі қағидат бүгінгі күні бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бұл – мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен ұлттың өзін-өзі айқындау құқығы. БҰҰ-ның негізін қалаушылар өз тұсында бұл мәселені назардан тыс қалдырған секілді. Бәлкім, қазір бір-біріне қарсы келіп отырған қос ұстанымды ымыра ретінде әдейі енгізген болар.
Олар бір-біріне қарама-қайшы келгендіктен, әртүрлік түсінік те болатыны ақиқат. Біреулер "мемлекеттің аумақтық тұтастығы – киелі категория" десе, ал өзгелері "белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халық тәуелсіз мемлекет болуға құқылы және өз қалауымен бөлектене алады" деп есептейді" - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің айтуынша, егер ұлттардың өзін-өзі айқындауына жол берілсе, онда жер шарында БҰҰ-ға кіретін 193 елдің орнына 500-600 мемлекет пайда болады.
«Әлбетте, мұның соңы хаосқа апарып соғады. Сол себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, біздің көзқарасамызда квазимемлекеттік аумақ боп есептелетін Донецк пен Луганскке қатысты да осы принципті ұстанамыз. Бұл сіздің ашық сұрағыңызға берілген ашық жауап», - деді Тоқаев.