27 қаң, 2022 сағат 19:39

Тоқаев Қазақстан инвестиция тартуға мүдделі салаларды атады


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз инвестиция тартуға мүдделі салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің мемлекетті дамытудың басты факторларының бірі - өзара инвестиция көлемін арттыру. Қазақстан алдағы уақытта да барлық инвестициялық міндеттемелерін мүлтіксіз әрі толық көлемде орындай беретіндігін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына негіз болған инвестициялық ахуалды жақсарту біздің экономикалық саясатымыздың құрамдасының бірі саналады», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үндістан – Орталық Азия» саммиті барысында. 

Мемлекет басшысы Қазақстан тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, денсаулық сақтау, фармацевтика секторы сынды келешегі бар бағыттарға инвестиция тартуға мүдделік танытатындығын баса айтты. 

«Бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін серіктестерімізге өзін жақсы қырынан көрсете білген «Астана» халықаралық қаржы орталығы платформасын ұсынуға дайынбыз. Аталған орталық ағылшын құқығы негізде жұмыс істейді және әлемдік стандарттарға жауап береді», - деді ҚР Президенті.