07 қар, 2022 сағат 14:49

Тоқаев: Еңбек дауларын алаңда емес, келіссөз үстелінің басында шешу – жалғыз ғана жол


Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуінде еңбек даулары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Маңғыстауда еңбек даулары жиі болып жататыны жасырын емес. Мен бұл жағдайдан толық хабардармын. Еңбек даулары қатаң түрде заң аясында шешілуге тиіс. Осы маңызды жұмысқа тәуелсіз кәсіподақтар белсене атсалысуы қажет.

Өңірде бұл сала барынша қарқынды дамып келеді. Өте дұрыс, мен мұны қолдаймын. Мықты азаматтық қоғам қалыптастыра алсақ, бұдан ешкім ұтылмайтыны анық. Адам құқығын, оның ішінде еңбек адамының құқығын қорғау әрдайым басты назарда болуға тиіс", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы еңбек дауларын көшеде, алаңда емес, келіссөз үстелінің басында шешу - жалғыз ғана жол екенін ескертті.

"Маңғыстауда осындай жағдайлар сындарлы диалог арқылы шешіле бастағаны құптарлық жайт. Жалпы, еңбек даулары - жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы мәселе. Оны тараптардың мүмкіндігін және мүддесін мұқият ескере отырып, ортақ мәміле арқылы шешу – негізгі міндет...

Осы орайда, тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды.

Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", - деп толықтырды Президент.