Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңірінің жұртшылығымен кездесуінде Қазақстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы бірер айда еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады. Мұндай әрекеттер, әсіресе, қазіргі науқан кезінде көп болды. Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз.
Біз қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Мен бұған дейін «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген едім. Бұл қағидатымыз ешқашан өзгермейді.
Елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке айналамыздағы геосаяси ахуалдан бөлек, өз ішіміздегі ахуал да айрықша әсер етеді. Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар. Әр нәрсеге немқұрайлы қарап, жайбарақат жүруге болмайды» - деді Мемлекет басшысы.