Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қай заманда да дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтті.
– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі.
Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді.
Бұл – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым. Біз кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән бердік. Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды. Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде ғылым мен технологияның өте қарқынды дамып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жеткен. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр.
– Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс болғанын атап өтті. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр.
– Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Оның айтуынша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.
– Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн деп санайды. Президент сондай-ақ уәкілетті органға жыл сайын докторантураға қабылданатындардың санын 5 мыңға дейін жеткізуді тапсырды. Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру міндетін жүктеді.
– Елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек. Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет. Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс. Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болатынын айтты. Жақында Ғылым академиясына Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды.
– Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан Академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет. Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет. Академияның жұмысы түбегейлі өзгеруге тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдарымызға толық сай келеді.
Президент сөзін қорытындылай келе, елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалымдардың жаңа буыны шығатынына нық сенімді екенін айтты және жиынға қатысқан ғалымдарды Ғылым күнімен құттықтады.
Кеңес отырысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, Пурду университеті (АҚШ) Ядролық энергетика мектебінің профессоры Зинетола Еңсепов, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, Густав Рози институтының (Франция) директоры әрі қауымдастырылған профессор Мұрат Сапарбаев, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Экономика институты жаһандану және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас ғылыми қызметкері Оразалы Сәбден, Аустрия ғылым және технология институтының қауымдастырылған профессоры Жәнібек Әлпейішев және Лос-Аламос ұлттық зертханасының (АҚШ) ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Дияр Талбаев сөз сөйледі.