Мемлекет басшысы Digital Bridge форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жыл сайын өтетін Digital Bridge форумы төрт жылда ірі және маңызды өңірлік алаңға айналғанын атап өтті.
Президент, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек. Президент өз сөзінде оның басымдықтарын айқындап берді.
– Бірінші. Адамға бағдарланған қызметті дамыту. Мемлекетке цифрлық технологиялар, ең алдымен, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін игеру, Финтех пен Индустрия 4.0-ді енгізу үшін қажет. Дегенмен «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні - мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді. Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшіріледі. Бюрократиялық рәсімдердің бәрі алынып тасталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге жол ашты.
– Бүгінде Қазақстан – цифрлық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Нәтижесінде, азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады. Мемлекет осы бағытта азаматтармен және бизнеспен өзара проактивті түрде қарым-қатынас жасайды. «Отбасының цифрлық картасы» енгізіліп жатыр. Ол нақты уақыт режимінде әртүрлі 80-нен астам параметрге талдау жасайды. Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға ешқандай бюрократиясыз жедел көмектесуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, аталған әдіс нақты атаулы әлеуметтік көмекке көшуге ықпал етеді. Үкімет жыл соңына дейін бұл цифрлық сервисті пайдалануға беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласына қолайлы жағдай жасау мәселесін екінші басымдық ретінде атап өтті. Президенттің пікірінше, аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі. Бұл нормативтік базаға да, IT бизнесті дамытудың бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы платформаларға да қатысты. «Astana Hub» IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.
– Жуырда АҚШ-та Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен кездестім. Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту, елімізге кәсіпорындарды көшіру жөнінде нақты келісімдерге келдік, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан IT инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту ісін жалғастырады. Мемлекет басшысының айтуынша, трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық әріптестермен бірлескен жұмыстар басталған. Бұл жерде сөз Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа туралы болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанға Cloud есептегіш нарығының ірі өкілдері саналатын Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және басқа да компаниялар тартылып жатыр.
– Халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратын біздің еліміз үшін барлық азаматты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шалғайдағы ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйесінің желісімен қамту жұмысын күшейтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту ісі де еліміздің басым бағыты болмақ. Президент әлемнің бір орнында тұрмайтынын, технологияның одан әрі дами беретінін айта келе, Үкіметке цифрлық экономиканы одан әрі дамыту үшін қолдау шараларын дер кезінде ұйымдастыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды күшейту мәселелеріне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын әлемнің IT нарығына 30 миллион маман керек болғанын айтты. Бүгінде қажеттілік 100 миллионға жетті, 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Сондықтан Президент 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау қажет екенін айтты.
– Жуырда Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапарым барысында Digital Nomads IT қоғамдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ пен Еуропадағы ірі компанияларда жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес. Сондықтан мен Үкіметке оларды қай жерде жұмыс істесе де қолдау көрсетуді және елімізді цифрландыруға барынша араластыруды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі ақпараттық қоғамда және цифрлық экономикада үздіксіз білім алмасу аса маңызды деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа идеялар мен серпінді жобалар тек еркін және үйлесімді қоғамда ғана жүзеге асатынына сенімді екенін жеткізді.
– Ақпараттық өркениеттің дамуы нәтижесінде цифрлық көшпенділер сияқты құбылыс пайда болды. Қазіргі диджитал-номадтар жаһандық кибер және физикалық кеңістікті белсенді игеріп, жаңа өнімдер мен нарықтарды құрып жатыр. Бүгінгі форумдағы нәтижелі пікір алмасу аймақтың цифрлы болашағының бағдарын айқындауға, Еуразия кеңістігінде жаңа серпінді бастамаларды жүзеге асырудың негізін қалауға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар пленарлық отырыста Kaspi.kz компаниясының басшысы және негізін қалаушы Михаил Ломтадзе, Bharti Enterprises және OneWeb компаниясының негізін қалаушы және төрағасы Сунил Барти Миттал, Samsung Electronics компаниясының корпоративтік президенті Ин Йонг Ри, inDriver компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский, TikTok компаниясының вице-президенті Тео Бертрам сөз сөйледі. Reinvention Academy компаниясының негізін қалаушы Надя Жексембаева форумның пленарлық отырысында модератор болды.