17 қар, 2022 сағат 20:30

Тоқаев бірнеше адамды құтқарып қалған өрт сөндірушілерді марапаттады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндірушілерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды", - делінген хабарламада.

Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі "Айбын" орденімен, Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Асқар Серікұлы Забикулин – азаматтық қорғау капитаны. 1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысындағы Еңбекшілдер ауданының Казгородок ауылында дүниеге келген. Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын "Қараөткел" ПЧ-9 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы болып бастаған. 2021 жылы Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.

Аян Алматұлы Кемпіров – азаматтық қорғау аға сержанты. 1988 жылы 5 мамырда Қостанай қаласында дүниеге келген. Қарағанды ​​политехникалық колледжін механик сарапшы мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылы төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі лауазымына тағайындалды.

Еске сала кетейік, кеше Астанада Момышұлы даңғылы бойындағы 15 қабатты үйде қатты өрт шыққан болатын. Құтқарушылар бес адамды өрттен алып шықты.