07 қыр, 2022 сағат 18:55

Тоқаев АӨСШК хатшылығының атқарушы директорын қабылдады


Президент АӨСШК хатшылығының атқарушы директорын қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының қазіргі қызметімен және Қазақстанның осы ұйымға 2020-2022 жылдардағы төрағалығының қорытындысымен танысты. Әңгімелесу барысында 12-13 қазанда елордада өтетін АӨСШК-тің VI саммитіне дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.

АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысына алдағы саммиттің қорытынды құжаттарының жобаларын келісу үдерісі туралы баяндады.

Сонымен қатар Президентке АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру – Қазақстанның стратегиялық мақсаты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы алдағы саммитті жоғары деңгейде  ұйымдастыру және АӨСШК-тегі мақсаттар мен міндеттерді тиімді іске асыру аса маңызды екенін атап өтті.