Кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын тағы бір кандидаттың есімі белгілі болды. Ол - Мейрам Қажыкен, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
28 қыркүйекте "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар достастығы" ӨКМ орталық атқару комитетінің отырысы өтті. Сол кезде Мейрам Қажыкен ұйым атынан кандидат ретінде ұсынылған.
Sputnik Қазақстан порталына пікір білдірген ол сайлауға қатысатынын растады.
"Иә, сайлауға қатысатыным рас. Өткен аптада "Аманат" кәсіподақтар бірлестігі сондай шешім қабылдады. Ертең Орталық сайлау комиссиясына барып, тіркелемін", - деді Мейрам Қажыкен.
Сондай-ақ, ол алдағы сайлауда жеңіске жететініне сенімді екенін айтты.
"Әрине, сенімдімін. Жолдан таймаймын, ешқандай келісімге бармаймын. Тек қана алға! Өйткені маған, ең алдымен, кәсіподақ мүшелері үміт артып отыр", - деді үміткер.
Мейрам Қажыкен 61 жаста, Павлодар облысының тумасы. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры, әлеуметтік-экономикалық жүйені, бейімделген экономиканы дамыту және Қазақстан Республикасының Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі тұжырымдамасы жөніндегі кітаптардың авторы. Мейрам Қажыкен Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлау 20 қарашаға белгіленген.
Әзірге Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелгісі келетін екі үміткер бар. 30 қыркүйекте билікшіл "Ауыл" партиясы Жигули Дайрабаевты ұсынған. Ал 1 қазанда "оппозициялық" ЖСДП осы партияның Астанадағы бөлімшесінің басшысы Нұрлан Әуесбаевты ұсынған.