04 ақп, 2019 сағат 15:58

От құрсауында қалған 5 баланың үлкені - Альбинаның хаты

Бүкіл жұртшылықты есеңгіреткен жантүршігерлік оқиғада қаза тапқан бес баланың үлкені Альбинаның хаты Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды, деп жазады "Ұлт ақпарат".

Аяз атаға жазған хатында Альбина өздерінің пана етіп жүрген үйлерін де бейнелеп: "Мен жаңа жылда өзіме жаңа планшет алғым келеді. Мен өте тәртіпті қыз болдым, ата-анамның тілін алып жүрдім. Мен сіздің бар екеніңізге сенемін...",  - деп шағын жазба қалдырыпты.

12 жастағы мектеп оқушысының хатын өзінің парақшасында жариялаған журналист Артур Мағзомов былай дейді:

"Өткен түнде өрттен көз жұмған 5 балапанның үлкені Альбинаның Аяз атаға жазған хаты. Мектептен алдық. Тап-тар жерді пана қылған балалардың отқа оранған кереуеттері ғана қалыпты... Бір суретінде өзінің үйін салыпты Альбина, өртенген үйдің де сиқы осындай, шатыры жоқ".

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнінде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.

Сонымен қатар, бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың өрттен көз жұмуының себеп-салдарын анықтауды талап етті.

Өрт салдарынан зардап шеккен бұл отбасы баспана кезегінде тұрмаған.