07 қаз, 2020 сағат 15:06

Тимур Сұлтанғазиев медицина қызметкерлеріне төлем жасауға қатысты түсінік берді

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев медицина қызметкерлеріне төлем жасау мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлем жасау мәселесі өзекті әрі өте маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы шараларға қатысқан барлық медицина қызметкерлерін тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жасап жатыр. Медицина қызметкерлеріне төленетін біржолғы әлеуметтік төлем бойынша қазіргі жағдайға тоқталайын. Ауырған дәрігерлер үшін жағдай мынадай сипатта: пандемия жарияланғаннан бері еліміз бойынша аталған инфекция жұқтырған денсаулық сақтау қызметкерлерінің саны 12 830 адам. Оның ішінде кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезінде ковид және пневмониямен сыртқаттанушылар бойынша 8 442 өтінім келіп түсті, сондай-ақ оларды өңірлік комиссиялар қарады. Осылардың ішінде өңірлік деңгейде өтінімдердің 68 пайызы немесе 5 559-ының жағдайы расталған болатын», - деді Т. Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде өтемақыны 4 550 медицина қызметкері алды. 

«Өлім жағдайлары бойынша өңірлік комиссияларда 82 жағдай қаралды, жалпы 182 жағдайдың ішінде. Қазіргі уақытта өтінімнің 45-і сәйкесінше төлемақыны алған болатын», - деді комитет төрағасы. 

«Өтінімдерді қолдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды жасап жатыр. Біріншіден, жұмыс тобын құрып, ол онлайн режимде өтінімдерді қабылдаудың барлық себептерін пысықтауда. Ауырған және қайтыс болған адамдар бойынша деректерді нақтылап, өтінімдерді рәсімдеу жөнінде жол берілген ереже бұзушылықтарға талдау жүргізді. Екіншіден, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесіп, тиісті проблемалар мен қателіктерді дер кезінде шешу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, өтінімдерді қабылдау процесін жеңілдету үшін ауруларды кодтауға жазбаша түсініктеме беріп, қазіргі кезде қабылданған өтінімдер саны екі есеге артты. Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктерден күн сайын ақпарат жинап, мониторинг жүргізіп жатыр», - деді Тимур Сұлтанғазиев.