ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Президенттің Халыққа Жолдауының қалай әзірленгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жолдауға дайындық процесінің өз регламенті бар. Себебі, Жолдау — стратегиялық құжаттардың бірі. Бұл – Мемлекет басшысының мемлекетті әлеуметтік, саяси, экономикалық дамыту бойынша ұлтқа да, мемлекеттік аппаратқа да, қоғамға да өз көзқарасын айту мүмкіндігі. Сәйкесінше, Жолдау тұрақты түрде жүргізіледі, оны реттейтін Президент Жарлығы бар», - деді Тимур Сүлейменов «Хабар 24» арнасында тікелей эфирде.
Оның айтуынша, Жолдауды сарапшылар тобы әзірлейді және мұның барлығы Президент Әкімшілігінде топтастырылады. Сарапшылар тобы өңірлердегі жағдайды ескеріп, түйткілді мәселелер мен пікірлерден тұратын ауқымды ақпарат көлемін сүзгіден өткізеді, тұтас жоба әзірлеп шығады.
«Ақпараттық алаң да назарға алынғанын атап өтті. Себебі біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз және азаматтардың тікелей сұранысына салғырт қарай алмаймыз. Жолдау да осы бағытта әзірленді. Бұл жаңа Президенттің алғашқы Жолдауы болғандықтан, барлық тақырыпты кеңінен қамтуға тырысты. Президент халықты толғандырып жүрген барлық мәселелерге дерлік тоқталды», - деді Тимур Сүлейменов.