Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Сүлейменов бұған дейін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Таяуда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің экс-басшысы Аида Балаева мен Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бұрынғы арнайы өкілі Ержан Қазыхан Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары болып тағайындалған болатын.
Ал, Президент Әкімшілігін Ерлан Қошанов басқарады.
Айта кетейік, Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. 2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітіріп, 2002 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Мэриленд университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, экономикалық даму және сауда вице-министрі, ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2019 жылдың наурызында ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалып, көп ұзамай президенттің көмекшісі болды.
2019 жылдың шілдесінен бүгінгі күнге дейін – президент әкімшілігі басшысының орынбасары.
"Құрмет", "Ерен еңбегі үшін" ордендерімен және басқа медальдармен марапатталған.