02 қыр, 2019 сағат 20:19

Тимур Сүлейменов ШОБ-ты салықтан босату туралы: бюджетке аз шығын келтіре отырып, үлкен нәтиже аламыз

ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов  Президенттің шағын бизнесті үш жылға салықтан босату туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз «шағын және орта бизнес» ұғымына үйреніп қалғанбыз. Бұл жолы тек шағын бизнес салықтан босатылады. Себебі, орта бизнес – өз аяғында нық тұрған, өндірістік базасы мен технологиясы бар кәсіпорын. Сондықтан, олар еліміздегі салық жүйесінің негізгі тірегі болуы тиіс. Салық Кодексінде оларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған, сондықтан елдің бюджеттік тұрақтылығы тұрғысынан қарағанда орта бизнесті салықтан босату дұрыс емес», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов «Хабар 24» арнасында тікелей эфирде берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстандағы микро және шағын бизнес салықтары бюджет табысының 8,4% құрайды.

«Бұл реформа бюджетке аз шығын келтіре отырып, үлкен экономикалық нәтиже алуға септігін тигізеді. Президент Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын табыс салығынан 3 жылға босату туралы заңды негіз құруды тапсырды. Мұнда темекі, ішімдік сынды акциздік тауармен айналысатындар, жер қойнауын пайдаланатындар сынды кейбір санаттар жеңілдікке ілінбейді. Сонымен бірге, қызметкер мен жұмысшы жалдап отырған кәсіпкерлер салықтан босатылады. Біз бұдан үлкен нәтиже күтіп отырмыз», - деді Тимур Сүлейменов.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын оқыды.