Қазақстан әлемдік қауымдастыққа дендеп енген сайын дамыған елдердің өркениет көшіне ілесуге керекті талаптарды орындау міндеттемелерін де қатар алуда. Солардың бірі және негізгісі ағылшын тілін меңгеру екені белгілі.
Осы ретте елімізде үштілділік жүйесін енгізу заман талабынан туындап отырған Елбасының тапсырмасы. Өйткені, ағылшын тілі қазір жаһандық қатынас құралы әрі жаңа технологияның барлығы дерлік осы тілде шығады. Сондықтан, дамыған отыз елдің қатарынан табылу үшін бүгінгі және келер ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне қолайлы жағдай жасау мемлекеттің тілдік саясатындағы басым бағыттың бірім болып отыр. Елбасы ілгеріректе шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында қазақтар әлемдік ғылым мен мәдениетке орыс тілі арқылы шыққанын, бірақ, қазір ағылшын тілін меңгеріп, көкжиегімізді кеңейте түсу қажеттігін атап өткені есте. Сондай-ақ, қазір қоғамның басты талқылауына айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да бұл ойын «...жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты», – деп түйіндей түсті.
Демек, жеті жұрттың тілін білуді өсиеттеген бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы үшін де тіл білудің маңызы ешқашан кемімек емес.
Даурен Айкулов,
Алатау аудандық Сотының судьясы
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ