Фото: pixabay.com
Кеше, 3 қазанда Сенат отырысында депутат Геннадий Шиповских TikTok әлеуметтік желісін ықтимал қауіпті деп атап, бірқатар шарт қойып, олар орындалмаған жағдайда платформаны бұғаттауды ұсынды.
Ult.kz басылымы Сенатта айтылған платформаны сынау жағдайы бойынша TikTok баспасөз қызметінен түсініктеме сұрапты.
Жауапта жергілікті қауымдастықтың қауіпсіздігі TikTok үшін бірінші кезектегі басымдығы екені айтылған.
"TikTok платформасында өшпенділік негізіндегі әрекеттерге, жеккөрушілік идеологияларын насихаттауға, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен өшпенділікті насихаттайтын тұлғалар мен ұйымдардың болуына жол берілмейді. Біз мұндай контентті жоямыз", - делінген ресми мәлімдемеде.
Сонымен қатар компания TikTok 13 жасқа дейінгі қолданушыларға арналмағанын мәлімдеді.
"2024 жылдың қаңтарынан тамызына дейін TikTok Қазақстанда 13 жастан кіші пайдаланушыларға тиесілі 1 239 635 аккаунтты жойды, ал өткен жылдың ішінде олардың саны 1 842 467 аккаунтқа жетті", - деп атап өтті желі өкілдері.
Айта кетейік, қазіргі кезде бұл әлеуметтік желі елде үлкен танымалдыққа ие, 2024 жылы Қазақстанда 20,1 миллион халықтың 14 миллионы TikTok қолданушысы болып отыр. Бұған дейін аталған желінің қауіпсіздік саясаты туралы мақала жариялаған едік.