Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық Банк теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жөнінде бірлескен мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
"Қаржы нарықтарындағы геосаяси тәуекелдер мен құбылмалылыққа байланысты қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ҚР Үкіметімен бірлесіп бюджет қаражатының есебінен жеке тұлғалар депозиті бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады", - делінген хабарламада.
Бағдарламаға 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша салымдарға кепілдік беру жүйесіне қатысушы – бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банкте және "Отбасы банк" акционерлік қоғамында ашылған жеке тұлғалардың теңгедегі салымдары қатысады. Бағдарлама ағымдағы және карточкалық шоттарға, сондай-ақ талап етілгенге дейінгі депозиттерге және шартты депозиттерге қолданылмайды.
"10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпандағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 миллион теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 миллион теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі", - делінген ҰБ хабарламасында.
Өтемақыға (сыйлықақыға) жеке табыс салығы салынбайды.