03 там, 2023 сағат 13:12

"Техникалық байқау" құжаты цифрлы форматқа ауыстырылады

Фото: Depositphotos

Биыл "Техникалық байқау" құжаты цифрлы форматқа ауыстырылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Таяу арада көлік жүргізушілеріне қағаз жүзіндегі «техникалық байқау» құжатын алып жүру қажет болмайды.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, автокөліктің техникалық байқаудан өткенін куәландыратын құжатты цифрлы форматқа көшіру бойынша жұмысты қолға алды. Енді «Техникалық байқаудың диагностикалық картасы» электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталады.

Қазір IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Интеграциялық жұмыстардан кейін, 1 қыркүйекте осы қызметтің қанатқақты нұсқасы EgovMobile платформасында іске қосылады» - делінген хабарламада.

Аталған жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлы нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталып, оны онлайн режімде тексеруге болады.

Айта кету керек, цифрлы құжаттардың заңды күші қағаз жүзіндегі аналогтармен бірдей және олардың артықшылығы көп. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, қоғамның сенімі артады.