ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қордай ауданында орын алған оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада Қордай ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты қайтыс болғандардың отбасыларына және туған-туыстарына көңіл айтамыз. Ерен тірлікті, егемен бірлікті, тек татулықты ту етіп келген халқымыз ынтымақ-бірлігінен айрылмасын деп тілек айтайық», - деді Ақордада Абай мен әл-Фарабидің мерейтойларына өткізу жөніндегі комиссияның отырысын ашқан Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы биыл мерейтойыларын атап өтіп отырған Абай мен Әбу Насыр әл-Фарабидің де ұрпаққа мұра етіп қалдырған жауһар ойларының түпкі негізі елдің бірлігін сақтауға арналғанын еске салып өтті.
«Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» аманатын айтса, Әл-Фараби «Нағыз бақытқа кенелтетін істер адамдарды бір-біріне көмектесу үшін біріктіретін қала – қайырымды қала. Ал бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам» деп өсиетін қалдырған», - деді ол.