10 шіл, 2017 сағат 07:36

Тәжікстандағы қазақ тілінің жай-күйі

Тіл – жанды құбылыс. Ол өзгереді, түрленеді, дамиды. Белгілі бір аумақтағы тілдің қолданысы, ондағы жергілікті сипатқа ие болған сөздер мен сөз тіркестері тілші-ғалымдардың зерттеу нысанына айналып отырады. Бұл орайда Қазақстан аумағынан тыс мекендерде өмір сүріп жатқан қазақтардың, мәселен, Тәжікстандағы қазақтардың ана тілдерін қолданудағы кейбір ерекшеліктер жөнінде айтсақ дейміз. 

Бір елді мекенде қатар өмір сүріп жатқан тілдердің бір-біріне тигізер әсері қашанда мол болады. Ол лексикалық, фонетикалық, грамматикалық және т.б. тұрғыдан алғанда солай. Мұндай өзгешеліктерді Тәжікстандағы қазақтар тілінен де кездестіреміз.

Қазақ тілінің даму тарихында араб-парсы тілдерінің әсері кезінде белсенді рөл атқарғандығы белгілі. Осындай сөздер әсіресе иран, тәжік тілдерінен ауысқан, сол тілдердегі етістіктің осы шағы негізінде пайда болған аффикстердің қазақ тілінде көбірек қолданылуында байқалады.

Тәжікше сөз тудыру тәсілдеріне осы тілде кездесетін абат, бап, дан, дос, жан, нама, пай, пая, хан және хана тұлғаларын атауға болады. Тәжік тілінде бұлардың бәрі дербес зат есімдер болып саналады. Олардың біразы өзбек тілінде де және ондағы қазақ говорларында да дербес қолданыла береді. Дос, жан, хан сияқты тұлғалар қазақ әдеби тілі лексикасында да дербес түрде жұмсала береді. Мұндағы көңіл аударарлық жағдай, бұл тұлғалардың есімдермен тіркесіп, жаңа ұғымдағы есім тудыруында. Енді осы айтылғандарға жеке-жеке тоқталып өтейік.
Бап. Бұл сөз тәжік тілінде дербес (боб) күйінде қақпа, тарау, ыңғайлы, лайық деген мағыналарды да білдіреді. Біріккен сөздердің құрамында қолданбайды. Өзбек тілінде дербес күйінде тарау (глава, раздел), лайық (подобный) және етістік тудырушы -ла жұрнағымен бопломоқ (бір жұмысты тындыра істеу мағынасында) түрінде қолданылады. Глава, раздел мағыналарында боб түрінде қолданылғанымен, кейінгі мағыналарда боп түрінде қолданылады. Қазақ тілінде бап баптау күйінде дербес жағдай, жай, рет, күту, бағу, күйіне келтіру мағыналарына ие. Кей жағдайларда бұл қосымша сын есім тудыратын жұрнақ орнына да жұмсалады. Мысалы, киімбап мата іздеп тәпріге бардым (өзб. көйлекбап, қазақ әдеби тілінде көйлекке лайықты). Көп жыл бұрын егілген теректер имаратбап боп қалды (өзб. иморотбап, қазақ әдеби тілінде үй салуға жарайтын ағаш).

Пай. Бұл сөз (по-па) тәжік тілінде дербес күйінде аяқ деген мағынаны білдіреді. Түркі тілдерде, сондай-ақ қазақ тілінде аяқ киімнің сыңары (етіктің бір пайы сияқты) немесе малдардың артқы тірсегіндегі желімдеп ерге жапсыратын сіңірі мағынасында дербес қолданылады. Мыс.: тойда кебісімнің бір пайын ауыстырып алдым. Мәгәзіннен алған кәлішім (галошым) пайма-пай (екі сыңары екі түрлі) шығып қалды.

Бұл қосымша иран тілдерінен ауысқан сөздердің құрамында екі түрлі жағдайда кездеседі. 1. сөздердің алғашқы сыңары ретінде пайтақ (өзб. пайтахт – тахтың түбі, орда, астана мағынасында). Тәжікстан қазақтары тілінде де сол мағынада. Пайтаба (өзб. пойтаза – шұлғау). Жүн пайтаваны қалың орап етікті киіп алды.

Сөздің кейінгі компоненті ретінде говорда сарпа сөзінде (өзб. және тәж. сару – по, яғни сәр – бас, па – аяқ сөзбе сөз бас-аяқ деген қос сөз). Жергілікті қазақтар тілінде де тәжік, өзбек тілдеріндегідей ауыспалы мағынада, яғни киіт, әсіресе балаларға атап тоянаға қосып берілетін киімнің аты.

Хана. Бұл сөз (хана) тәжік тіліндегі үй (дом) деген сөз. Өзбек, қарақалпақ, қырғыз, қазақ тілдерінде қолданылады. а) Дербес күйінде өзбек, қарақалпақ және жергілікті тәжік қазақтары тілдерінде бөлме (комната) мағынасында айтылады. Үйің неше қаналы? ханаң күйгір! (Үйің өртенгір! қарғ.). ханасы келгенде айтып қалайын (тұрақты тіркес. Орны келгенде, реті келгенде, иіні келгенде). ә) басқа сөздермен бірігіп келгенде өзбек, қарақалпақ тілдерінде қазақ тіліне қарағанда белсенді қызмет атқарады. Нәтижесінде тек араб-иран тілдерінен ауысқан сөздердің құрамында ғана емес, түркі тілдерінің құрамында да кездеседі. Қазақ тілінде өнімсіз тәсіл.

Хана әдеби тілдің өзінде оншақты сөздердің құрамында кездеседі. Жергілікті сөйлеу тілінде бұл тұлғаның қолданылу аясы әдеби тілге қарағанда кеңірек. Жергілікті тәжік қазақтары тілінде сөздерге тіркесіп келгенде хана қосымшасы екі түрлі мағынаны білдіреді. Біріншіден, өзінен бұрын келген сөзде білдірілген зат тұратын, сақталатын орынды, үйді білдіреді. Қазақ тілінде хана формасы әуелде мекендік ұғымды білдіретін толық мағыналы сөз болғанымен, бірте-бірте жұрнақтық қызметті атқаратын болған. Хана қосымшасы нақты кейбір зат есімдерге жалғанып арнаулы мекеме, орын-жай ұғымдарының атауларын білдіреді (асхана, шайхана, жатақхана, етхана т.б.).

Тәжікстан және Өзбекстан төңіре­гіндегі қазақтар тілінде тәжікше етістік тұлғалы сөз тудырушы тәсілдер араб-иран тілдерінен ауысқан сөздердің құрамында да, түркі сөздер құрамында да әдеби тілімізден молырақ кездеседі. Мұның себебі академик І.Кеңесбаев атап көрсеткендей, араб-иран сөздерінің қазақ тіліне ауысуында дәнекер тілдердің бірі болған өзбек тілінде сөйлесетін ортадағы тұрғындарының өзбектермен араласып, қарым-қатынас жасауында деуге болады. Сөйтіп, тәжік тілінде кейбір біріккен сөздердің сыңары түркі тілдерінде жұрнақ дербес қолданылмағандықтан, жұрнақ қызметін атқарады. Ондай етістік тұлғалы қосымшалардың біразы тәжік қазақтары тілінде де кездеседі. Солардың кейбіреуін атап өтейік.

-Баз (-паз), -боз, -баз, -базидак деген ойнау мағынасындағы етістіктің осы шағы. Бұл тұлға өзінен бұрынғы сөздерде білдірілген затпен айналысуды әдет еткен, не сол затпен шұғылдануға құмар адамды білдіреді. Қазақ, қарақалпақ тілдерінде көбіне -паз түрінде айтылады. Өзбек тілінде -баз, -ваз түрінде, жергілікті сөйлеу тілінде -баз, -паз түрінде айтылады. Араб не иран тілдерінен енген сөздердің құрамында: сиасатбаз (өзб. сеасатбоз – саясатшы), дарбаз (өзб. дарбоз) арқан үстінен ойын көрсететін акробат, кунабаз (қиморбоз), кептерпаз (өзб. каптарбоз – көгершін бағушы), сырбаз (өзб. ширвоз. тәж. шир – сүт, яғни ширбоз – сүт еметін қозы, ішкілікбаз (өзб. ичкиликбоз – алкоголь). Ол ішкілікбазға салынды. Ішкілікбаздық – құмарлық.

Дар – тар. (өзб. дор. иелену мағынасындағы тәжікше доштан етістігінің осы шағы өзбек тілінде, қазақ, қарақалпақ тілдеріне қарағанда жиі кездеседі. Ал қазақ тілінде біраз сөздердің құрамында қолданылады. Мысалы, діндар (діншіл – өзб. диндар), дандар (өзб. донгдор – даңқты), айыптар (өзб. айдбор – күнакер), тәрәптар (өзб. тарафтор – жақтаушы, сөзін сөйлеуші), ілімдар (өзб. илмдар, илмли – білімді), зәріптар (өзб. зарбдор, ар. зарб – соққы, түрткі, зарбдор – озат), шаруадар (өзб. чарвадор – малшы), пұлдар (өзб. пулдор – ақшаға бай), гүлдар (өзб. гүлдор – гүлі мол мата), амалдар (өзб. амалдор – мансапқой), өнімдар (өнімі мол, урожайный) т.б. Мысалы, мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімдарлығын арттырамыз. Гүлдар шытыңыздан төрт метр өлшеңізші.

-Қор, –хор (өзб. хур, жеу, ішу мағына­сында тәжікше хурдан етістігінің осы шағы). Бұл жұрнақ үш түрлі мағынада жұмсалады.Бұдан басқа жергілікті сөйлеу тілінде жаңа сөз тудыратын өнімді жұрнақтың бірі – зар (-зор). Бұл жұрнақ егін, өсімдік атауларына жалғанып, сол өсімдік өсетін жерді, жемістің бір түрі егілген, не өзі шыққан жерді білдіреді. Қазақ әдеби тілінде көбінесе, бұл жұрнақтың қызметін бау-бақша сөздері атқарады.

-Бәд, -бет. Бұл қосымша жаман, нақұрыс сияқты тәжік тілінде қолданы­латын араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздердің құрамында едәуір қолданылатын өнімді жұрнақ. 1959 жылғы «Өзбекше-орысша сөздікте» бұл тұлға елуге жуық сөздің құрамында сын есім не үстеу мағыналарындағы сөз тудырушы тәсіл ретінде кездеседі. Мысалы, бетпақ (өзб. бадбахт, бақытсыз, бағы ашылмаған), баджахл – мінезі жаман, ашуланшақ деген мағынада. Өмірімде ондай мінезі беджахыл адамды көрмедім.

-Бе (й). Бұл префикс жаңа сөз туд -Кәм, -кем, -кам. Бұл сөз тәжік тіліндегідей жеке күйінде де, біріккен сөздер құрамында да түркі тілдерінің көпшілігінде кездесетін қосымша. Сөз тудырушы қосымша ретінде қазақ тілінен гөрі өзбек тілінде жиірек қолданылатын қосымша. 1959 жылғы жарық көрген «Өзбекше-орысша сөздікте» кәм қосымшасының отызға жуық сөздің құрамында сөз тудырушы тәсіл ретінде кездесуі де осының дәлелі. Мысалы: кәмгәп (өзб. камгап – сөзге сараң. Көп гәп ешекке жүк деген, кәмгәп бол, балам. Кәмсу // кемсу (өзб. кәмсув «суға қанбаған егін» мағынасында). Кәмсүт // кемсур (өзб. камсүт – сүті аз сиыр. Кәмқан // кемқан (өзб. камқон – қаны азайған, кәмқуат // кемқуат (өзб. камкувват, яғни әлсіз, жарымжан).

Сөйленімдегі етістікке тән морфо­логиялық ерекшеліктер етістіктің жіктелуінде, осы шақ формаларында және етіс жұрнақтарының ауысып қолданылуында байқалады. Мысалы:
Мен отырыппын Біз отырыппыз
Сен отырыпсың Сіз отырыпсыз
Ол отырыпты Олар отырыпты
Әдеби тілде үшінші жақта түсіп қалатын жіктік жалғаулары сұраулық демеулік селбесіп айтылған кезде де говорда түсіп қалмайды.

Қорыта келгенде, сөз болып отырған өңірдегі қазақтар тілінде айтылып жүрген ерекшеліктер өзбек тілі мен Өзбекстанның басқа да аумақтарында тұратын қазақтар тіліне ұқсас. Өзбекстан мен Тәжікстанда тұратын қазақтар тіліндегі морфологиялық ерекшеліктерінің көпшілігі өзбек және тәжік тілдерінің әсерінен туғандығы ерекше байқалады.

М.Абдулханова,
А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің қазақ
тілі кафедрасының аға оқытушысы