Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық жанжал қаншалықты қауіпті және болған жайтқа қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай? Аталған сұрақтарға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің пікірім, бұл тұрмыстық жанжал. Одан шу шығарудың қажеті жоқ. Бұл соғыс емес. Өзара келіспеушілік бірнеше сағатқа ғана созылды. Оның үстіне екіжақ оқ атыспау жөнінде келісімге келді. Бұл ішкі мәселе, сондықтан сырттан араласудың қажеті жоқ. Аталған жанжал мемлекетаралық қарым-қатынасқа еш әсер етпейді. Бізде де болады ғой, көрші екі ауыл өзара келіспей қалады, сол секілді. Әрине, тәжік-қырғыз шекарасында не болып жатқанын білмеймін, өз көзіммен көрген жоқпын», - деді Болат Нұрғалиев.
Оның айтуынша, аталған мәселе екі арасында өзара шешілуі тиіс. Яғни сырт күштің араласпағаны жөн.
«Кез келген жанжалды шешудің екі жолы бар. Бірінші, бейбіт жолмен шешу, яғни ымыраға келу. Екінші жолы, өкінішке қарай, қанға қан. Дегенмен көріп отырғанымыздай, тәжік-қырғыз ағайын өзара келісімге келіп, оқ атуды тоқтатты. Тағы бір ескеретін жайт, жанжал күтпеген жерден болуы мүмкін. Сондықтан оның қашан, кімнің арасында болатынын ешкім алдын ала айта алмайды. Бастысы сабырға, келісімге келу керек. Әрине, біздің ел тәжік-қырғыз жанжалының бейбіт жолмен шешілуін қолдайды және екі елге бірдей татулық тілейміз», - дейді ол.
Сондай-ақ институт басшысы елде болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде аталған екі елде Қазақстанға қолдау білдіргенін айтты.