02 жел, 2024 сағат 17:02

Тәуелсіздік жылдарындағы музыка: Қазақстанның мәдени эволюциясы туралы жаңа зерттеу

Фото: Ult.kz

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында отандық музыка еліміздің мәдени келбетіне қалай әсер етіп, қалай қалыптастырғаны зерттелген «91–23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Ult.kz.

Кітап бірнеше автордың зерттеуінен тұрады. Олардың қатарында Мәди Мамбетов, Роман Райфельд, Виолетта Телманова, Руслан Якупов, Тамерлан Сатыбалдиев, Злата Удовиченко, Артем Крылов, Аруна Әлімтаева, Ләззат Сүлейменова, Гүлдана Мұқан және Мадина Сапарғалиева бар. 

Жоба менеджері Гүлнар Наурызбайдың айтуынша, кітапты дайындау нағыз шытырман зерттеу оқиғасына айналған. Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде — Атырау мен Оралдан бастап Алматы мен Қызылордаға дейінгі аумақтарда туып өскен авторлардың көзқарасы кітаптың мазмұнына да әсер еткен. Себебі бірі үшін өте маңызды болған нәрсе, екіншісі үшін мүлдем таныс болмай шыққан. 

Фото: Ult.kz

Сондай-ақ ол бұл кітап энциклопедия сияқты болғанымен, нақты энциклопедия емес екенін айтады. 

«Әртістерден ақпарат жинағанда олардың біреуінің маңызы бірінен артық, не кем емес екенін, бәріне бірдей қарауға, бәрі туралы объективті ақпарат беруге тырыстық», - дейді ол. 


Гүлнар Наурызбай барша өнерпаздарға өздері туралы ақпаратты интернетте сақтауға кеңес берді. 

«Кез келген естелік өте маңызды. Әр қадамыңды құжаттандырып, сақтап отырса дұрыс болар еді. Толық мәліметтерді қамтитын жеке сайт, Википедиядағы парақшалар зерттеулерге зор көмегін тигізер еді», - деп назын жеткізді жоба менеджері.


Ақпараттың жетіспеуі салдарынан авторлар түрлі форумдардан, подкасттардан, YouTube арналардан, әлеуметтік желілер мен, әрине, музыка индустриясының өкілдерінің сұхбаттарынан мәлімет жинаған. Мұның бәрі қазақстандық шолушылардың кәсіби талдауымен толықтырылған: Әділ Айжарық (Zamandas подкастының редакторы, ‘98mag колумнисі, qazaq indie лейблінің креативті продюсері) және Александр Медведев (сценарист, режиссер, BLVD Magazine мен Esquire Kazakhstan-ның бұрынғы бас редакторы) командасымен бірге зерттеу нәтижелері эсселерге жинақталған.

Фото: ұйымдастырушылардан

Кітап бес бөлімнен тұрады, әрқайсысы белгілі бір жанрға немесе құбылысқа арналған: рок пен рэптен бастап, инди-сахнасына дейін. 

Жоба менеджері бұл тек баяндау емес, зерттеу жұмысы. Болашақ ұрпақ үшін маңызды ресурс дейді.

«“91–23. Қазақстанның танымал музыкасы” кітабын жазу барысында біз қазақстандық қоғамның түрлі әлеуметтік, саяси және мәдени кезеңдерден өтіп, өзіндік толыққанды болмыс пен бейне қалыптастырғанын көрдік. Бұл тек отандық музыка емес, ұлт және ең алдымен, өзімізді зерттеу болды», - дейді эссе авторы Әділ Айжарық.


«Кинематографиялық біліміме, жарнама мен жылтыр журналдардағы тәжірибеме қарамастан, менің басты құмарлығым – музыка. Ноталық сауатым жоқ және бірде-бір музыкалық аспапты меңгермесем де, “91–23” кітабы осы өнерге құрметімді көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл жобаның бір бөлігі болғаныма және осындай талантты командамен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұл кітап болашақ зерттеушілерге шабыт беріп, осындай маңызды еңбектер Қазақстанда жиі жарық көреді деп үміттенемін», - дейді автор Александр Медведев.


Фото: Ult.kz

Эссе авторы Әділ Айжарық тәуелсіз сахнаның ерекшелігі — қазақ тіліндегі музыка форматқа сай болмаса да, танымал бола алатынын дәлелдегені. 

Осы тұста тіл мен кімдік мәселесі инди-әртістердің шығармашылығындағы маңызды құраушы бөліктердің бірі деп ойлаймын. Бірде Darkhan Juzz-ден «Неліктен қазақ тілінде ән шырқайсың?» деп сұрайды. Сонда әнші: «Сөйлеу мен тіл қату деген бар. Тіл қату — ішіндегі сезімдерің мен ойларыңды шығару дегенді білдіреді. Ішімдегіні қазақша шығарған ыңғайлы» деп жауап берген. Кейінгі жылдары ел ішінде отарсыздану мәдениеті қарқынды жүріп жатқанын байқаймыз. Адамдар түп-тамырына мән беріп, кімдігін іздей бастаған сияқты. Түп-тамыр дегенде тілдің рөліне ғана емес, көненің тарихы мен мәдениетіне көз жүгіртуді меңзеп отырмын. Бұл мәдениетке ішкі-сыртқы саяси-әлеуметтік жайттар ықпал еткені сөзсіз. Сөйтіп, ақыры қоғамның оянуына әкелді. Қоғамда болып жатқан бұл үрдіс әншілердің шығармашылығына да әсер етіп жатқанға ұқсайды. 2000 жылдардың басында Батырхан Шөкенов «Отан Анасына» оралып, халық әндерін жаңғыртса, 2010 жылдардың екінші жартысындағы тәуелсіз сахна әртістерінің көбі осы үрдісті жалғастырды», - дейді Әділ Айжарық.