28 ақп, 2020 сағат 18:19

Тәуелсіз сот сарапшысы: Марқұм Дулат Ағаділде дене зақымдары болған жоқ

Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы тергеу изоляторында қаза тапқан белсенді Дулат Ағаділдің мүрдесін жерлеу алдында жуындыру орынан әлеуметтік желіге тараған видеоға қатысты жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен мезгілсіз қаза тапқан Ағаділдің жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтамыз. Әлеуметтік желілер мен Интернет ресурстарда Д.Ағаділдің мүрдесін жерлеу алдында жуындыру орнынан оған қатысты зорлық-зомбылық жасалынды делінген пікірлермен видеоматериалдар жаппай таралып жатыр. Бірден айтайын, бұл әдеп пен ғибрат нормаларына қайшы келеді. Видеожазба қаза тапқан адамның туыстарының келісімінсіз түсіріліп, таратылған», - деді Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Қазіргі уақытта қажетті барлық тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтқан оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік желіде тараған виеоматериалдарда мүрдеде дене жарақаты сынды дақтардың бар екендігі көрсетілген.

«Өз тарапымыздан мүрдедегі дақтың биологиялық өлім белілері саналатындығына назар аудартқымыз келеді. Медицина тілімімен айтсақ, дақ жүрек қызметін тоқтатқанда және 1 сағаттан кейін пайда болуы мүмкін», - деді Е.Қилымжанов.

Осы ретте тәуелсіз сот-медицина сарапшысы Арман Аханбеков те мүрдеде дақтың қалай пайда болатындығын түсіндіріп берді.

«Адам өлгеннен кейін мүрдеде пайда болатын дақ мүрденің өзгерістерге ұшырауы саналады. Нақтылай түсер болсам, бұл мүрденің барынша төмен орналасқан бөлігіне салмақтың әсерінен қанның жиналып қалған бөлігі. Мүрде дағы дамуының, пішінің және түсінің белгілі бір реттілігі бар. Бір-екі тәуліктен кейін әдетте мүрде дағы араласпайды. Яғни, дағы мүрденің белгілі бір бөлігінде болса, сол жер қалып қойып, пішін де өзгертпейді. Әдетте оның түсі қара-көк, қара-қошқыл болып келеді. Адам өлгеннен кейін оның қандай да бір дене жарақаты ретінде қарастырылуы орынды. Дегенмен мүрдені қарау барысында видеода сипатталғандай қандай да бір дене жарақаттары анықталған жоқ», - деді А.Аханбеков.

Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов белсендінің өліміне қатысты тергеу амалдары жан-жақты жүргізіліп жатқандығын баса айтты.

«Алғашқы күннен-ақ тәуелсіз сарапшылар жұмылдырылып, фото және видео түсірілімдер қолданылды. Қазір біз сарапшылық зерттеудің ресми қорытындысын күтуіміз қажет. Азаматтардан асығыс қорытынды шығарудан және жалған ақпарат таратудан тартынуға шақырамыз. Бүгін қаза тапқан Дулат Ағаділдің анасы отбасының келісімінсіз видео түсіріп, оны таратқан тұлғаға шара қолдану туралы арызбен жүгінді. Ол бұл видеожазбаға ашуланып отыр», - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, 25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторында белсенді Дулат Ағаділдің қаза тапқаны белгілі болған еді.