04 ақп, 2020 сағат 09:35

Тауар өткізу инфрақұрылымы аясында 15 агро-логистикалық орталық құру жоспарлануда - ҚР СИМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру шаралары қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр атап өткендей, ағымдағы жылдың қаңтар айында маусымдық бағаның 0,3%-ға өскені байқалды. Бұл ретте, ол өткен жылғы қаңтарға қарағанда 2 есе төмен және алдыңғы жылдардағы алғашқы айларындағы бағаның өсуімен салыстырмалы.

«Бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдау үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер бар деп есептейміз. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді барынша пайдалануы қажет. Шекті бағаны бекіту тетігін белсенді пайдалану қажет», — деді Б. Сұлтанов. 

Министрдің айтуынша, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді.

«Осындай баламалы құралдардың бірі жеңілдетілген қаржыландыру арқылы бағаны ұстап тұру міндеттемелерін қабылдау бойынша сауда желілерін ынталандыру тетігі болып табылады. Біз оны «айналым схемасы» деп атадық және өңірлерді оны белсенді пайдалануға бірнеше рет шақырдық. Алайда, бұл құрал, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа еш жерде қолдануға алынбады. Іс жүзінде бағаны тежеудің ең ыңғайлы тетігі нарықтың бәсекелестігін қорғау жөніндегі шаралар болып отыр», — деді Б. Сұлтанов.

Монополияға қарсы орган 2019 жылы 198 хабарлама жіберді, оның ішінде 83 хабарлама сауда желілеріне жіберілді. Олардың 182-сі, оның ішінде 75-і сауда желілерімен орындалды. Бұл бағаның өсуін біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Өткен жылдың желтоқсан айында ол тек 0,1%-ға өсті. Ал алдыңғы жылдың тиісті айында бұл көрсеткіш 1,4%-ға құрады. Делдалдармен жұмыс істеу кезінде баға келісімдеріне қарсы күрес әдістері қолданылуы тиіс.

Б. Сұлтанов атап өткендей, екіншіден, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыруды қамтамасыз ету қажет.

Сауда және интеграция министрлігі Әлеуметтік маңызды тауарларды өндірушілердің барлық қауымдастықтарымен кездесулер өткізді. Кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық азық-түлік тауарлары бойынша өндірісті ұлғайту бойынша үлкен әлеует бар екенін көрсетті. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Мемлекеттік бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту үшін субсидия алушыларға бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеу тетігі көзделген.

Үшіншіден, тауарларды сақтау мен тұтынушыларға жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құру қажет.

«Бұл инфрақұрылымды құру бізді тиімсіз делдалдар желісінен арылтады және қосылған құнның барлық тізбегі бойынша маржиналдықтың ашық деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Тиімсіз делдалдарды болдырмайтын отандық тауар өндірушілер үшін өнімді тікелей өткізу арнасы пайда болады. Өнімді сақтау және тиімді бөлу үшін қажетті жағдайлар жасалатын болады», — деді Б. Сұлтанов.

Бұдан өзге, министрлік мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп Қазақстанда тиімді тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Ағымдағы жылғы 15 қаңтарда Премьер-Министр жанынан жаңа жобалық офис құрылды, ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен Азия даму банкінің қатысуымен отырыстар өткізуді бастады.

«Тауар өткізу инфрақұрылымы аясында 15 агро-логистикалық орталық құру жоспарлануда. Орталықтар өндірушілердің жанында болады және тауарларды жинауды, сақтауды және бастапқы өңдеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ көтерме-тарату орталықтарының желісі құрылатын болады. Бұл көпфункционалды орталықтар өндірушілер мен сатып алушылардың кездесу орнына айналады. Заманауи көтерме базарлар жүйесі қалыптасады және тауарларды жеткізу логистикасы оңтайландырылады», — деп түсіндірді Б. Сұлтанов. 

Төртіншіден, баға мониторингі және электрондық сауданы дамыту үшін халықты тарту қажет.

«2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында PRICE SCANNER баға мониторингі үшін мобильді қосымша іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген. Бұдан басқа, электрондық сауда алаңдарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі күнде Оңай Базар және Happy food Astana сияқты желілер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ведомствоның ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру бойынша шаралар кешенін іске асырып жатқанын баяндады. 

Азық-түлік тауарларының барлық негізгі түрлері бойынша қамтамасыз ету 80% және одан да көп пайызды, ал кейбіреулері бойынша 100%-дан астамын құрайды. Бұған алма (69,5%), балық (62%), шұжық өнімдері (61,1%), ірімшік және сүзбе (58,4%), қант (54,4%) және құс еті (51,2%) кірмейді, олар бойынша импортқа тәуелділік бар. 

«Атап айтқанда, құс еті, ірімшік және сүзбе, сары май, қант, алма және шұжық өнімдері бойынша импорт алмастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. 2020 жылы қуаты 105 мың тонна 25 тауарлық сүт фермасы, 3 ет комбинаты, қуаты 73 мың тонна 8 құс фабрикасы салынатын болады, 2000 гектарға бақ отырғызу жоспарлануда, Жамбыл және Павлодар облыстарында жылына жалпы өндіріс қуаты 200 мың тонна қант өндіретін 2 қант зауыты құрылысын салу басталды және жұмыс істеп тұрған 3 қант зауыттарына жаңғырту жүргізу жоспарлануда», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

С. Омаров атап өткендей, қазіргі кезде оң өзгерістер бар. Мысалы алма бойынша соңғы жылдары өнімділік 70 ц/га-дан 74 ц/га-ға дейін артты. Сәйкесінше өндіріс көлемі 18%-ға артты. Отандық өндірістің алмамен қамтамасыз етілуі 65%-дан 69,5%-ға дейін артты.

Қант бойынша өндіріс көлемі 345 мың тоннадан 505 мың тоннаға дейін, өнімділік 285 ц/га-дан 305 ц/га-ға дейін артты. Отандық өндірістің қантпен қамтамасыз етілуі 7% - дан 14% - ға дейін артты.

Ірімшік пен сүзбе бойынша өндіріс көлемі 2019 жылы 7,5%-ға өсіп, 29,5 мың тоннаны құрады. Өзіндік өндіріс ішкі нарықтың қажеттілігін 58%-ға жабады (50,5 мың тонна).

Құс еті өндірісі 3 жылда (2016-2018 жж.) 26%-ға артып, 192 мың тоннаны құрады. 

Макарон бойынша 2019 жылы 165,3 мың тонна макарон өнімдері өндірілді (2018 жылға қарай өсім 4,3%), ішкі тұтыну 140 мың тоннаға бағаланады, бұл халықтың қажеттілігін макарон өнімдерімен толық жабады.

Азия Даму Банкінің Қазақстандағы өңірлік өкілі Джованни Каппанелли АДБ көтерме сауда нарықтарын, агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарын дамыту стратегиясы бойынша егжей-тегжейлі жоспар мен жол картасын әзірлегенін хабарлады. 

Д. Каппанеллидің айтуынша, ауыл шаруашылығы көтерме сауда нарықтарын және агро-логистикалық орталықтарды құру азық-түлік тауарларына бағаның құбылмалылығын төмендетуге, фермерлердің сауданың үстеме бағасынан әділ үлес алуына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, оларға үлкен кіріс әкеліп, астықтан кейінгі шығындарды қысқартуға жол ашады. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Премьер-Министр Асқар Маминнің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар пакеті дайындалып, іске асырылып жатқанын хабарлады. Ол өңірлер әкімдері аталған шараларды жүзеге асыруға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Қысқа мерзімді шаралар аясында азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермеу үшін ҚР АШМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азық-түлік тауарларының маңызды түрлері бойынша өндіріс, экспорт, импорт және тұтыну теңгерімін дайындауы тиіс. Осы теңгерімдер негізінде әрбір өңірдің ішкі нарығында азық-түлік тауарлары ұсыныстарының талап етілетін көлемін қамтамасыз ету қажет.