14 жел, 2021 сағат 10:48

Тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі өсті


Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар пулы жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 659,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға ұлғайды. Сондай-ақ тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 91,2 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары», - деді Е.Қарашөкеев Үкімет отырысында. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеп, бекіткен болатын. Жол карталарына сәйкес жалпы сомасы 4,4 трлн теңге болатын 934 инвестициялық жобадан пул жасалды. 

«Осы жобалар пулынан негізгі ірі бағыттар айқындалды. Ет бағытында (бордақылау алаңдары, репродукторлар, сою цехтары, ет өңдеу зауыттары) шамамен 1 трлн теңге сомасына 301 жобаны іске асыру көзделді. Жылыжай кешендерінде 1 трлн теңге сомасына 67 жобаны іске асыру жоспарланған. Сүтті мал шаруашылығында 452 млрд теңге сомасына 186 жобаны іске асыру ескерілген. Құс шаруашылығында сомасы 373 млрд теңгені құрайтын 47 құс фабрикасын салу жоспарланған», - деді министр.

Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 300 млрд теңге сомасына 73 жобаны іске асыру қарастырылған. 

«5 жыл ішінде қантпен қамтамасыз ету 80%-ға дейін жеткізіледі, жалпы сомасы 228 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру жоспарланған. Қарқынды бақтар салуда 100 млрд теңге сомасына 32 жобаны іске асыру көзделген. Өзге де бағыттар аясында жалпы сомасы 834 млрд теңгеге 225 жобаны іске асыру жоспарланған, олар суару, тұқым шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру және басқа да бағыттардағы жобаларды қамтиды», - деді ведомство басшысы.