Карантин ережесін сақтамағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату мәселесі қаралуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз маслихатында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Карантин ережесін сақтамағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату туралы бастама қаралуда. Нақты қандай санкциялар болады және ол қашан күшіне енетінін айта алмаймын. Жақын күндері бұл туралы шешім қабылданады. Санкцияларды күшейту керек екенін, бірақ дәл қазіргі жағдайда шешім қабылдау тиімді еметігін бәріміз түсінуіміз қажет», - дейді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.
Сондай-ақ, ол Алматы қаласының ішінде қозғалысқа шектеу қойылғанына қатысты айтып өтті.
«Қала ішіндегі қозғалысқа қатысты қосымша шектеу туралы айтатын болсақ, Алматыда коронавирус жағдайлары анықталған тұрғын үйлердегі қозғалыс шектелгенін білеміз. Сыртқа шығуға тыйым салынған тұрғын үйлерден шығып кеткендер үшін қандай шара қолданылатынын қазір болжау мүмкін емес. Себебі нақты қандай ереже бұзушылық болғаны анықталған кезде ғана санкция қабылданады. Ереже бұзудың салдары қандай болғанына қарай әкімшілік айыппұлдан бастап, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бекітілген ережелерге жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Себебі дүкенге шығып келуіңіздің өзі айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Ол сіздің қауіпсіздігіңіз ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да қауіпсіздігіне қатысты мәселе», - дейді ол.