Фото: elements.envato.com
Сыртқы істер министрлігі Таиландта тағы бір қазақстандық қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.
СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Пхукетте көз жұмған қазақстандық Артур Искаковтың қазасына қатысты пікір білдіріп, бұл кейінгі аптадағы жалғыз оқиға емес екенін айтты.
"3 маусымда сол жағалауда тағы бір азаматымыз қаза болды. Ол да барлық тыйымға қарамастан суға түсіп, толқынға ағып кеткен. Қазір консул туыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп жатыр және жақын арада олардың денесі Қазақстанға жеткізіледі", - деді Смадияров.
Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, жақын күндері бірінші қазақстандықтың денесі туыстарының есебінен жеткізіледі. Екінші отандасымыздың мәйітін тасымалдау сақтандыру есебінен қамтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Таиландқа демалысқа барған 24 жастағы қазақстандық Артур Искаков қайтыс болғаны белгілі болған еді.