Қазақстанда коронавирус салдарынан қайтыс болғандар саны тағы 10 адамға көбейді. Бұл туралы 27 ақпан күні елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми дерекке сәйкес, қайтыс болғандардың барлығы Covid-19 вирусын жұқтырғаны (КВИ+) анықталған. Ақпаратта бір күнде коронавируспен 860 науқас тіркелгені, оның 54-іне ПТР тестімен расталмаған (КВИ-) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылғаны айтылған.
Қазақстан коронавирус науқастарының статистикасын екі бөлек жүргізіп келеді. Қазіргі мәлімет бойынша, елде 20 280 науқас емделіп жатыр (13523 –КВИ+, 6757 – КВИ-). Стационарда жатқан 4380 науқастың 253-інің жағдайы ауыр, ал 49 адам аса ауыр халде, 42 науқас өкпені желдету аппаратының көмегімен тыныстап жатыр деп хабарлайды министрлік. Бұған қоса 15900 науқас амбулатория емін алып жүр.
Қазақстанда Covid-19 індеті келгелі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 2743 адам қайтыс болған.
Қазіргі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда індет басталғалы бері барлығы 212 018 адамның Covid-19 вирусын (КВИ+) жұқтырғаны расталған. Ал ресми статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан КВИ- жұқтырғандар саны 49 226 адамға жетті, оның 620-сы қайтыс болған.