Фото: reewungjunerr/Depositphotos.com
Солтүстіктің көктемі ертерек келгенімен, ауарайы суық, ызғырық жел денеңді тітіркендіріп, көшеде емін-еркін жүруіңе қолайсыздық тудырады. Жұмысқа уақытында келіп, орныма отыра бергенім сол еді, алдымдағы телефон шыр ете қалды. – Бейсенғазы, сені Утков шақырып жатыр, – деді хатшы қыз телефонның ар жағынан. Екінші қабаттағы аудан әкімінің орынбасары Александр Иванович Утков мен есіктен көрінгеннен-ақ: – Бейсенғазы, саған арнайы тапсырма бар, мен көрші ауданға жұмыс барысымен бара жатырмын. Ертең – сотталып мерзімі аяқталғандарды комиссия арқылы босататын күн. Сол комиссия құрамында болып, менің орныма барып кел. Аудандық прокуратурадан және соттан адамдар барады, солармен бірге, – деді. Есіл қаласынан 35 шақырымдай қашықтықта орналасқан Красногорск қаласының дәл іргесіндегі сотталғандардың мерзімін өтейтін колонияға жүріп кеттік. Красногорск ол кезде тікелей Мәскеуге қарайтын республикадағы бірден-бір уран өндіретін жабық қала болатын. Кеніште негізінен жазасын өтеушілер еңбек ететін. Бұрын естігенім болмаса, бұл жаққа аттап басқан емеспін. Әр бұрышында күзет мұнарасы бар, атшаптырым аумаққа орналасқан, тікенек сымдармен қоршалған, ұзыннан-ұзақ қатар-қатар салынған сұп-сұр барақтарды көргенде, адам жүрегі, шынымен,шымырлайды екен. Қылмыс жасап, жарты өміріңді мынадай жерде өткізу сұмдық екен-ау деп ойладым ішімнен. Бізді қарсы алған бірнеше әскери адамдар тобымызды асханаға алып барып, жеңіл-желпі шай беріп, қайтадан кеңсеге алып келді. Кеңсенің алдына біраз адамдар жиналып қалған екен. Тегі, бүгінгі босатылатындардың ата-аналары, туған-туыстары болар деп шамаладым. Аудан орталығынан келген бес-алты адам залға келіп жайғастық. Лагерьдің бастығы және тағы бір-екі офицер қасымызға келіп отырды. Жазасын өтеп болғандар бір-бірлеп кіріп, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, енді қылмыс жасамайтын болып ант-су ішіп, құжаттарын алып шығып кетіп жатты. Біраз адамдарды еркіндікке жіберген соң, комиссия мүшелері түстік ішіп алайық деп шешті. Осыдан кейін бірнеше жігіт темекі шегуге есік алдына шыққан болатын. Солармен бірге мен де шықтым. Қасымызда тұрған осында қызмет ететін әскери азамат: – Кеше лагерьде төбелес болып, біреудің иығын шығарып, қабырғасының астына шеге тығып алыпты. Соның иығын салып, жарасына ота жасатып, медициналық бөлімге жатқызып қойдық. Соның жағдайын біліп келейін, – деді. Солай қарай кетіп бара жатып «ол өзі дұрыс орысша сөйлей алмайды» деді. Құлағым елеңдеп, «менде барып келейін» дедім қасымдағыларға. Олар жаратпай қарағанымен, өзің білесің дегендей болды. Кішігірім медициналық бөлім орналасқан ғимаратқа келіп кірдік. Төрдегі оңаша бөлменің есігін ашып, төсекте жатқан ұзындау келген ірі денелі жігіттің жанына келдік. – Қалың қалай? – деді мені ерте келген адам.
– Тәуірмін, Григорий, – деді анау ақырын ғана. Сәлден соң мынауың кім дегендей маған қарады. – Комиссия мүшесі ғой, жарайды, Әпди, сен емдел, – деп жанымдағы шығып кетті. Журналистік қызығушылықпен болған жайдың анық-қанығын білейін деп төсектің жанындағы орындыққа отыра беріп: – Атыңыз кім? – деп сұрадым. Анау бұны не қылмақсың дегендей қарады да: – Әпдімәмет, – деді. –Қай жақтансың, – дедім тағы да ерсілеу сұрақ қойып. – Оңтүстіктен. Ол біраз үндемей қалды. –Қай статьямен түсіп едіңіз? –Інім, оның бәрін сұрап қайтесің, саған қызықпа? – деп Әпдімәмет жаратпай қалды. Аз үнсіздіктен кейін: – Өзің қайда істейсің? – деді маған төтесінен. – Аудан әкімшілігінде. Жазасын өтеуші маған үміттенгендей қарады. – Көмегің тие ме, тимей ме, оны сұрамай-ақ қояйын, бірақ білгің келсе, мен айтып берейін. Мүмкін, дүниеде менің осындай халге душар болғанымды бір адамның біліп жүргеніде дұрыс шығар. Қысқартып айтып берейін, жұмысыңнан қалып қалма, –деді қоңыр үнмен. – Мен бұл іске өзімнің аңғалдығымнан, әркімді аяп-мүсіркеп жүретіндігімнен тап болдым. Әйтпесе, қылмыс жасау немесе осыісім қылмысқа жатады-ау деген ой ешуақытта санамда болған емес. Бәрі туған інімнің етегі қанамаған әйелінен болды. Менің отбасымда үш ұл, бір қыз бар. Әйелім өмір бойы медбике болып істеп келе жатқан. Оның мінезі ұстамды, мейірімді болатын. Жарасымды едік, –деген Әпдімәмет осы арада сәл-пәл күрсініп қалды. Үй-іші есіне түсті-ау деймін, аз уақыт үндемеді. – Інім мен оның әйелінің тексерілмеген дәрігері қалмады. Алматыға жыл сайын барып қаралып жүрді. Жұбайымда екеуін жетектеп алып барып жүрді. Бірақ інімнің шаңырағына бір бала бұйырмады. Үйленгендеріне алты-жеті жылға аяқ басты. Жалғыз інім болған соң, басқа біреуді алып бермек болдым. Оған ол көнбеді. «Кенжегүлді ұнатам» деп болмады. Қолдан келер амал қайсы, өстіп жүріп жаттық. Мен екеуіміз бір әке-шешеденбіз,менің бала-шағам бар, шүкір,бұның белі қайда кеткен деп ылғи ойлайтынмын. Артынан ұрпақ еріп жүрсе, дұрыс болар еді-ау дейтінмін іштей. Кенжегүл біздің үйге үнемі келіп тұратын. Әйеліме көмектесіп, үй-ішін жинап, кейде бөлмелерді ақтап беріп жүретін. Екеуінің шай ішіп, оңаша ықыласпен сөйлесіп отыратынын талай байқадым. Мені көрсе, сыпайылық танытып сәлем беретін. Кейде көзінің астымен жылы жымиып қарайтыны бар.Өзі толықтау келген, сымбатты келіншек еді. Інім көлік жүргізуші, «КаМАЗ» айдайтын. Бірде санама сайтан ойдың келгені. «Ақыры, інім басқа ешкімге үйленгісі келмейді. Өстіп осылар өмір бойы жүре бермек пе?! Өзім жақындап көрсем қайтеді?! Қанымыз бір емес пе? Тіпті бала болып жатса, ініме ұқсап туар» деп ойлайтынмын. Алдағы уақытта балалары болса, аралары суымай, өздеріне ермек болар дедім ішімнен. Бірде әйелім бірер күнге тойға төркініне кетті де, үйде өзім қалдым. Балаларым Алматыда, Шымкентте жұмыс істейді, оқу оқиды. Өзім көкөніс өсірем, соны күзде саудаға шығарам. Өзіңіз білесіз, біздің оңтүстікте елдің көпшілігі бау-бақшамен айналысып, өнімін республикамыздың түкпір-түкпіріне апарып, өткізіп келеді. Сөйтіп, отбасын асырайды. Менің де шаруам осы. Бір күні даладан үйге шаршап келіп ұйықтап қалыппын. «Аға, шай ішіңіз» деді біреу қасымнан. Көзімді ашсам,– Кенжегүл. Тегі, әйелім үй-ішіне қарап, ағаңа тамақ дайындап беріп жүр деген болар. Өзі сүп-сүйкімді. Маған қарап иіліп тұр. Қолынан шап беріп ұстап, өзіме қарай тартып қалдым. Құшақтағанымды білем. Сәл-пәл бұлқынған болды. Бірақ көп қарсылық көрсетпеді. Ойыма келгенін істеп, орнымнан тұрып кеттім. Есік алдына шығып, жуынып-шайынып, есімді жинап, біраз жүріп үйге қайта кірдім. Терезеден түскен сәуледен балтыры атластай жылтырап, Кенжегүл әлі де орнында жылап жатыр. Көйлегін төмен түсірдім. Жаңағы бір оғаш істен өзімді ұят қысып барады. Барып тұрған ақымақ екенмін-ау деп ойладым. Әрі-бері уатқаныма көнбеді. Жанына шалқалап жатқам, ұйықтап кетіппін. Бір уақытта селк етіп оянып, жан-жағыма қарасам, Кенжегүл көрінбейді. Сасқанымнан орнымнан атып тұрдым. Бөлмелерді аралап таба алмай, есік алдына шықтым. Ешкім көрінбейді. Тек гараждың есігі ашық тұр. Келіп қарасам, астына орындық қойып, арқаннан ілмек жасап, мойнына салып жатыр. Шырылдап жүгіріп келіп көтеріп алдымда, мойнындағы арқан ілмекті алып тастадым. Келіншек сұп-сұр, сазарып алған, үндемейді. – Кенжегүл-ау, араларың суынып кетпесін, бала болсын деген ой еді. Арсыздығым үшін кешірші, – деп еңіреп жылап жібергенім есімде. Келіншек орнында отырып-отырып: – Егер бала көтеріп қалсам, мен ініңізе не деймін?! Оған қай бетіммен қараймын?! Ол ашуланып сөйледі. –Оған ештеңе айтпа! Тіпті бала болса, біздің тұқымға ұқсап туары анық, – деппін. – Ойыңыз қандай арам еді. Апай сізге қайтып шыдап жүрген. Ол басқа ештеңе айтпастан шығып кетті. Арада бірнеше күн өтті. Төркініне кетіп қалама деп едім, кетпеді. Үйлерінде жүріп жатты. Уақыт жылжып өте берді. Көкөністі жинайтын мезгілдің таянған шағы. Егістікте жүргенмін. Мотоцикл мінген біреу көлігін дырылдатып егістіктің қасына келіп тоқтады.Қарасам, Кенжегүл. Ер адамдай киініп алған. Мотоцикл інімдікі. Тегі, үйде болмаған-ау. – Әпдімәмет, – деді келіншек төтесінен. Бұрын «аға» дейтін. – Менің аяғым ауыр, ініңе не деймін? – Оған ештеңе айтпа, бала өзіңдікі деп айт, – деппін сасқанымнан. – Оған сене ме?! Ол оңайлықпен себейді ғой. – Сендір, – дедім оған басқа сөз таба алмай. Ол маған біраз қарап тұрды да, мотоцикліне мініп кетті де қалды. Күні бойы егістікте жүріп, түрлі ойдан қатты қиналдым. Бір күні жұмыстан үйге келсем, әйелім қатты абыржулы күйде «Сені сотқа шақырып жатыр» дегені. – Егістікте біреумен суға таласып, төбелескен жоқсың ба? Жүрегім тас төбемнен шықты. Ертеңінде сотқа бардым. Інім сонда жүр. Қабағы қатулы. Содан кейін не болды дейсің ғой? Сотталдым. Он алты жылға! Әйел зорлады деген айыппен. Інім қайта-қайта мазасын алып қысқан соң, келіншегі айтып қойған екен - ағаң кінәлі деп. Сөз, өсек Мақтаралды өрттей қаулады. Осылай қарай айдаларда әйелімнің жылап:«Сенен ажырасамын, оңбаған», -деп айғайлағаны көңіліме қатты батты. Бар жағдай осы, інім, – деп Әпдімәмет біраз үндемей қалды. – Кейіннен осында жүріп естідім, әйелім ажырасуға өтініш беріпті, інім әйелін шығарып жіберген екен. Ол қазір төркінінде көрінеді.
– Бейсенғазы, сені шақырып жатыр, – деді комиссия құрамындағы жігіт осында келіп. – Әпдімәмет, сау бол, қамықпа, – дедім шығып бара жатып. Ертеңінде бүкіл комиссия қайтадан келіп, кешегі жұмысымызды жалғастырдық. Арасында Әпдімәметке келіп, қанша жылы қалғанын сұрадым. – Он жылын өткіздік қой, енді қалғаны алты жыл. Шахтада істеу ауыр екен, – деді. Кезінде ірі денелі, толық жігіт болған-ау. Қазір тек сорайған бойы мен жүдеу тартқан боп-боз өңі ғана қалған. Ештеңе айтпай шығып кеттім. Күнделікті жұмыспен жүріп жаттық. Сол бір мезгілдегі Есіл аудандық сотының төрағасы Қанатбек Жұмаев деген азаматты мен сонау Алматыда оқып жүргеннен танитын едім. Заң факультетін бітірген,жатақханаларымыз қатар болған соң күнделікті көріп жүретінбіз. Зерендінің жігіті болатын. Мен Есілге алғаш келгенде, осында бір-бірімізді танып, құшақтасып, төс қағыстырған едік. Келе-келе дос болып кеттік. Бірде Қанатбекке арнайы келіп, Әпдімәметтің жағдайын айтып бердім. – Қанша дегенмен жаза өтеу колониясы ауданның аумағында ғой. Үнемі барып, тексеріп жүретініңді білем. Ана жігітке көмектесіп жіберсеңші. Шахтада істеу оңай емес, денсаулығын жоғалтып алып жүрмесін, – дедім. Ол мұқият тыңдап алды да: – Уәде бермеймін, бірақ байқап көрейін, – деді. Содан ай жарым уақыт өтті. Біраз күндерден кейін Қанатбек телефонмен хабарласып «уақытың болса, келіп кетші» дегені. Екі ойлы болып мекемесіне келдім. – Бейсеке, өтінішіңді орындадым, – деп орнынан күле тұрған ол ақжарқын кейіппен қолын созды. – Аманшылық болса, келесі аптада еліне кетеді. Істеген жұмысына, тәртібіне қарадық. Өзініңде лагерь әкімшілігімен қарым-қатынасы түзу екен. Қатты қуанып, аң-таң болған мен «рақмет» дей беріппін… Бір күні кабинеттің есігін біреу қаққандай болды. Есікті ашсам, Әпдімәмет тұр. Жүдеу жүзі бал-бұл жанады. Кабинетке кірер-кірместен мені құшақтап: – Бейсеке, бұл сенің ісің ғой, Аллам риза болсын! Мен елге кетіп бара жатырмын, демалыс алсаң, біздің жаққа келіп кет, – деді. – Сонау Мақтаралдан сені іздеймін бе?! – дедім күліп. Біраз отырып әңгімелестік. Мен оған қандай жолмен көмектескенімді айттым. Артынан екеуіміз бір-бірімізге амандық-саулық тілесіп, есік алдына шығарып салдым. Содан арада бірнеше жыл өтті. Бірде жұмысқа келсем, көрші кабинеттегі Валентина Войтович – Бейсенгазы, к тебе кто-то пришел, у меня в кабинете сидит, – деді. Келсем, Әпдімәмет, әдемі киініп алған. Бұрынғы солыңқы жүзі толып, реңі кіріпті. Амандасып болған соң бөлмеме алып келдім. Бірінші сұрағым «қайдан жүрсің?» болды. –Астананың қасына көшіп келдік, Қосшыға. – Құтты болсын! – дедім. Әпдімәметтің айтуы бойынша, еліне барған соң оқиға былай өрбіген көрінеді. Үйіне барса, талай жыл көрмегеніне қарамай әйелі кіргізбепті. Содан бұл Шымкенттегі ұлдарына барып тұрады. Бір күні үлкен баласы елге барғанда, Кенжегүлді қасындағы кішкентай ұлымен көргенін айтады. Ұлдың өздерінен аумай қалғанын ескертеді. Әпдімәмет ойланып-ойланып, Кенжегүлдің ата-анасына барады. Баласын көреді. Кенжегүл тұрмысқа шықпаған екен. Бұл енді келіншектің ата-анасына, туыстарына жата жабысады. «Бала мен Кенжегүлді маған беріңдер, өзім асыраймын, бала менікі» деп. Ақыры, бұл болмаған соң, олар ақылдаса келе, Кенжегүлді бұған қосады. Тек, «бұл жақта тұрма, сөз болады, басқа өңірге алып кет» дейді. Солтүстіктің ауа райына дағдыланған бұл осы жаққа көшіп келеді. Азын-аулақ жиған ақшаларына кішігірім үй сатып алады. Қазір Қосшы мен Астананың арасында таксист болып істеп жүр екен. – Мен сені арнайы қонаққа шақыра келдім. Қолың тисе, келіп кет, – деді. Мен реті келгенде кіріп-шығатынымды жеткіздім. Әкімшіліктің алдына шықтық. Ол болса баласының тоғызыншы сыныпта оқитынын, Кенжегүлдің үйде екенін айтты. Қазір келіншегінің аяғы ауыр екенінде сөз арасында ескертті. Сөзбен қағытып, одан әйелінің қанша жас кіші екендігін сұрадым. Ол он алты жас кіші -, деді. – Он алты жылға сотталып, он алты жас кіші адамға үйленген екенсің ғой, – дедім. Екеуіміз қарқылдап күліп алдық. Біраздан соң мені күтетінін айтып, жеңіл көлігіне отырып кете барды. Артынан қарап тұрып,«адам тағдыры деген осы екен-ау» деп ойладым.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.