14 қаз, 2022 сағат 19:44

Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған - Тоқаев


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.


– Саммит осы бағыттағы келісілген әдістерді әзірлеуге ықпал етуді көздейді. Кездесуіміздің күн тәртібі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе инвестициялық серіктестік, өндірістік кооперация, көлік-транзит бағыттарын әртараптандыру жөніндегі ынтымақтастықты кеңейте түсуге мүмкіндік беретініне сенім білдіремін. Ресей Федерациясымен бірге біз өңірлік экономикалық ынтымақтастық әлеуетін толыққанды пайдалана аламыз. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – елдеріміз арасындағы адамдардың өзара байланысының жоғары деңгейін сақтау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында тауар айналымының пандемияға дейінгі деңгейі қалпына келіп қана қоймай, оның едәуір артқанын мәлімдеді. Былтыр өңірішілік сауда-саттық  34 пайызға өсіп, 6 миллиард доллардан асты.

Президент бүгінгі кездесу барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алтыжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді.

– Бірінші, бұл – қауіпсіздік. Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Ортақ тарихымызды сақтай отырып, халықтарымыздың игілігі үшін ортақ келешегімізді құруға тиіспіз. Әр мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік бүкіл аймақтың дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың түпкі мүддесін басшылыққа ала отырып, назарларыңызды жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға және оған дер кезінде төтеп беруге арналған тиімді әдістерді әзірлеу қажеттігіне аударғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазіргі өзара іс-әрекет тетіктері жүйелі түрде жетілдіруді қажет етеді. Оның айтуынша, аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыруға тырысу, қақтығыстарды өршіту үшін гибридтік және ақпараттық технологияларды пайдалану – осының айқын мысалы. Осыған байланысты елдердің қауіпсіздік кеңестері аппараттарына алдын алу шараларының механизмдерін әзірлеу және жасақтау туралы ұсыныс беру жөнінде айтылды. Бұл істе ақпарат алмасуға және қауіп-қатерді алдын ала анықтауға баса мән берілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға айрықша көңіл бөлу керек деп есептейді. Елдеріміз үшін оның қаупі әлі сейілген жоқ. Президенттің пікірінше, тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.

– Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы екінші өлшем ретінде атап өтті. Сондай-ақ саммит қатысушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет.

– Сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн. Бүгінде біздің өндірісіміздің дамуына орай шетелдік өнімдердің көптеген түрін бір-біріміздің тауарларымызбен өзара тиімді негізде алмастыра аламыз. Экспорттық-импорттық операцияларға жасалған талдау осы бағытта мол мүмкіндік бар екенін көрсетті, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы цифрландыру саласында бірге белсенді жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға Қазақстан дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші өлшем – көлік және транзит мәселесіне де тоқталды. Президент дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағдайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалану қажет екенін атап өтті.  

Мемлекет басшысы қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі теріс құбылыстардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы артып келеді деп санайды.

– Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді. Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты. Өкінішке қарай, кейбір елдерде мемлекеттер басшыларына қатысты негізсіз арандатушылық сипаттағы сөздер айтылатын жағдайлар кездеседі. Бұл, әрине, біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында кездесу нәтижелері өзара достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік арқасында берік байланыс орнатқан, қуатты әрі өркендеген мемлекет қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатқа жетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар саммитте Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.