«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен еліміздің бес облысында бастау алған «Табысты отбасы» жобасы аясында бір айлық оқу аяқталып, 114 қатысушыға сертификаттар табысталды.
Компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров пен «Табысты отбасы» жобасының амбассадоры Айжани Нұрланова Ақтөбе облысы Қобда ауылында білім алған қатысушыларға сертификаттар тапсырды. Сондай-ақ, «Тігінші» және «Автоэлектрик» бағыттары бойынша оқыған тұрғындармен тілдесті.
«Оқу жоғары деңгейде өтіп, автоэлектрик мамандығын меңгердім. Енді автокөлік шеберханасын ашып, ауылдың дамуына үлес қосқым келеді», - дейді Әлия ауылының тұрғыны Орынғали Қабдырахман.
Ал Қобда ауылындағы көпбалалы ана Баршагүл Бердібаева «Тігінші» кәсібін игерді. Ол да енді шағын тігін цехын ашуға ниетті.
«Табысты отбасы» жобасы 1 желтоқсанда Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарында халықтың осал топ өкілдерін оқыту мақсатында іске қосылды. Олар тігін ісі, автоэлектрик, кондитерлік өнімдер, сән саласы және әлеуметтік медиа менеджері сияқты бес бейіндік бағыттың бірі бойынша оқудан өте алады. Басты ерекшелік – белсенді қатысушыларға жеке кәсіп ашуға көмек құрал-жабдық түрінде қайтарымсыз беріледі.
Жалпы әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 2016 жылдан бастап денсаулық сақтау, білім беру, өңірлерді, бұқаралық спортты дамыту, осал топ өкілдерін қолдау бағыттарында жалпы құны 66,7 млрд теңге болатын 304 жобаны жүзеге асырды. Бастамалар барысында 2,2 млн адам қамтылды. Биылдың өзінде 9,9 млрд теңгенің 42 жобасы мақұлданды. Оған қатысқан 370 мыңнан астам адамның ішінде 95 мың ауыл тұрғыны, 55 мың бала бар.
Қор әлжуаз топтарды қолдауға мән береді. 2016-2022 жылдары 3,8 млрд теңгеге 55 жоба мақұлданды. Осылайша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған сенім орталығын, инклюзивті қолдау кеңсесін, әлеуметтік осал топтардағы 400 адамға тегін кәсіби курстар, Даун синдромы бар балаларға орталық, 1100 балаға бейімделген спорт секцияларын ашуға жағдай жасалды.
Инклюзивті білімге де көп көңіл бөлінеді. Соңғы алты жылда 9 психологиялық-педагогикалық түзету, 25 инклюзивтік білім беру кабинеті, 43 әмбебап инклюзивтік спорт алаңы жұмысын бастап, 3 оңалту орталығы қайта жабдықталды.
Ал мемлекеттік тілді насихаттау бағытындағы жұмыстарға 378,5 млн теңге жұмсалып, 12 жоба мақұлданды. Оның ішінде «Қара сөздер» иллюстрациялық кітабының 5000 данасын шығару, 107 жасөспірімге шешендік өнерден курс өткізу, «Мектеп online» порталында 3885 бейнеоқулық дайындау, «soyle.kz», «resmihat.kz» тегін порталдарын жүргізу бар.