26 қаң, 2022 сағат 15:27

Сұйытылған пропан мен бутан көлемінің үштен екісі экспортқа жіберіледі


Қазақстанда өндірілген сұйытылған пропан мен бутан көлемінің үштен екісі экспортқа жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтар–қарашада ҚР-да өндірілген табиғи газдың көлемі 49,1 млрд текше метрді құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% аз. Көрсеткіш екі жыл қатарынан төмендеп келеді және соңғы төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 

2021 жылғы қаңтар-қазанда экспортқа 1,5 миллион тоннаға жуық сұйытылған пропан мен бутан жөнелтілді (тиісті кезеңдегі өндіріс көлемінің 68,8 пайызы). Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6% аз. 

Еске салайық, ҚР Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін реттелетін коммуналдық қызметтерге, оның ішінде газбен жабдықтауға тарифтерді көтеруге мораторий енгізді. Сондай-ақ Қазақстанның барлық аумағында жанар-жағармай құю станцияларында көліктерге жанар-жағармай құюға арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге 180 күнге шекті баға белгіленді. 

Елімізде сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңы арқылы сатуға толық көшу бір жылға кейінге шегерілді.