14 жел, 2021 сағат 01:17

Сума Чакрабарти Өзбекстан мен Қазақстан ынтымақтастығының экономикалық мүмкіндігіне баға берді


«Ұлт мүддесі» бағдарламасында ҚР Президентінің Экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти Өзбекстан мен Қазақстан ынтымақтастығының экономикалық мүмкіндігіне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бағдарлама барысында Президент кеңесшісі Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға жасаған ресми сапарына тоқталды. 

«Бұл көп бастамаға жол ашқан сапар болды. 6,6 млрд доллар болатын сауда, ауыл шаруашылығы, тасымалдау, логистика сияқты экономиканың аса маңызды салалары бойынша келісімшарттар мен тың жаңа бастамаларға қол қойылды. Бір жыл бұрын мұндай болар еді деп ойламаған едік. Ал бүгінде екі ел, екі елдің Үкіметттері нақты шешім қабылдағанын көріп отырмыз. Мирзиеев мырза Қазақстанның цифрлық үкімет кеңсесіне барып, жұмысымен танысты. Ол Астана халықаралық қаржы орталығына да бас сұқты. Менің ойымша, бұл Орталық Азия өңірінде пайда болған шынайы кооперацияның бастауы болуы әбден мүмкін», - деді Президент кеңесшісі.

Сэр Сума Чакрабарти келісімге қол қоюмен іс бітпейтінін еске салды. Енді осы уағдаластықтарды нақты іске асыру керек. Екі Үкіметінің шынайы ниеті мен қабілеті осы кезде белгілі болмақ.

Сума Чакрабарти Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесін құрудың маңызына да тоқталды.

«Мен оны өте маңызды құжат деп санаймын. Бұл экономикалық қатынастар жергілікті қауымдастық деңгейінде де, Үкіметтер деңгейінде өзекті. Іс жүзінде сирек кездесетін тәжірибе болып жатыр. Екі тарап саяси салада да да, экономикада да үйлесімді әрекет етуге ынталы. Бұл екі елге де маңызды және бүкіл Орталық Азия аймағы үшін де өте маңызды. Өйткені, аймақтағы ең ірі екі мемлекет те осылар. Батыс та, әлемнің басқа өңірлері бұл жақындықты жіті бақылап отыр. Үйлестіру сәтті басталса, оның ауқымын кеңейтіп, деңгейін тереңдете беру керек. Мұндай үйлесімділіктің құнына баға жетпейді. Орталық Азияда бірлік болғанда ғана оның үні халықаралық алаңдарда маңызды бола бастайды» - деді Мемлекет басшысының кеңесшісі.