15 там, 2022 сағат 19:05

Сұлтановтың орнына Жұманғарин тағайындалды


Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылсын", - делінген хабарламада.

Бұған дейін осы қызметті атқарған Бақыт Сұлтанов Президент Жарлығымен орнын босатқан еді.

Еске сала кетейік, 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қант дағдарысына байланысты министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған болатын.

12 тамызда Қазақстанда өндірілетін қанттың басым бөлігін (шамамен 90%) ірі көтерме жеткізуші сатып алғаны белгілі болды. Оның әрекеті тауардың айналымнан алынуының белгісі ретінде бағаланып, соның салдарынан нарықтағы баға өсті. Елде қант бағасы бір жылда 87 пайызға қымбаттады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, өндірушіден тұтынушыға дейін қанттың үстеме бағасы 53 пайызға жетеді.