Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзі жетекшілік етіп келе жатқан ведомствоның 2021 жылғы жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз министрліктің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын құрдық, орта мерзімді перспективасын айқындадық. Мен үш маңызды мәселені атап өткім келеді. Біріншісі - сыртқы сауда қызметіндегі басымдықтар. Олар басым экспорттаушы елдермен, біздің серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады», - деді Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.
Министр сыртқы сауда қызметіндегі басымдықтар ретінде қарастырылып отырған мемлекеттерді атады.
«Бұл ЕАЭО, ҚХР, Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ. ЕАЭО-ға Қазақстан төрағалық еткен кезде негізгі жұмыс одақ туралы келісімді, ЕАЭО 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыруға бағытталады. Бұрын айтылғандай, ұлттық мүдделерді қорғау бойынша көптеген жұмыс жүргізілді. Бұл құжат біз үшін маңызды және қажетті форматта қабылданды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кедергілерді жою бойынша жұмыс әлі де жүргізіледі. Сондай-ақ, ДСҰ-ның жаңа талаптарын енгізуді ескере отырып, отандық бизнесті қолдаудың жаңа шараларын әзірлеу көзделіп отыр», - деді министр.
Бақыт Сұлтанов одан бөлек отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне, сыртқы нарықтарға шығуға, отандық кәсіпкерлердің ел ішінде де, сыртында да мүдделерін қорғауға баса мән берілетінін мәлімдеді.