25 ақп, 2020 сағат 08:10

"Су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте" - Тұрғымбаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық, су тасқыны алдындағы жағдай және су тасқыны қатерінің алдын алу және оны жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Е. Тұрғымбаев атап өткендей, ҚР ІІМ министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала болжам деректері бойынша елдегі қар қоры мен өзендер бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары. Қар басу процесі жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласында, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындауы өте ықтимал.

«Қазір елімізде 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын және 259 темір жолды су басу қаупі бар», — деді министр.

Су басуды болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8,8 млн текше метрден аса қар шығарды, ЖЖМ (қазір – 13,5 мың тонна), инертті материалдар (152,6 мың тонна), құм салынған қаптар (840 мың) мен жарылғыштар (47 тонна) қоры қалыптастырылды. 

Төтенше резервтерде 34 млрд теңге көзделген.

Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1700 бекет әзірленді, маршруттар жаңартылды, қажетті көлік бөлінді. Тіршілікті қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды (палаткаларды, төсектерді), азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады.

Су тасқыны жағдайының ықтимал қиындауына жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1730 бірлік техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды.

Бүгіннен бастап (биылғы 25-26 ақпанда) Нұр-Сұлтан қаласының басқару штабымен «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіле бастады, оның барысында жұмылдырылған күштердің әзірлігі тексерілетін болады.

Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда, бұл өткен 3 жыл ішінде 437 елді мекенде су басу қаупін болдырмауға және 287 елді мекенде су басу қауіп-қатерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Материалдық-техникалық жарақтау бойынша Жол картасы шеңберінде 900 бірлік техника, оның ішінде мотопомпалар, жүзу құралдары, жол талғамайтын құралдар сатып алынды.

«Жалпы, биыл су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су қорғау аймақтары шегінде орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орындалмай жатыр. Бұл өте шығынды іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істелінбесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін», — деді Е. Тұрғымбаев.

Сондай-ақ 2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске асырылмай қалды. 2020 жылы 132 іс-шараның іске асырылмау қауіпі бар, солардың 53 іс-шарасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген.

Осыған байланысты ҚР ІІМ мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаражат қарастыруды, 2020 жылы Жол картасының барлық іс-шараларын аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды және аумақтарды дамыту жоспарлары шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны қауіп-қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынады.

Сондай-ақ, еріген қар суларының басуын болдырмау үшін елді мекендерді қардан тазарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі туралы айтылды. Е. Тұрғымбаев иесіз су қоймалары мен бөгеттерді мемлекеттік меншікке ауыстыру мәселелеріне назар аударды, олардың көбісі қанағаттанарлықсыз күйде.

«Су тасқыны кезеңінде бізде су қоймаларында бос орын болуы тиіс. Онсыз өзендердің қауіпсіз деңгейін реттеу мүмкін емес», — деп атап өтті министр.

Бұдан өзге, оның айтуынша, 463 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажеттілігі туындап отыр, оған қоса автожол және темір жол учаскелерінің су басуын алдын алу бойынша инфрақұрылымдық объектілердің бұзылуын болдырмау жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет.

Қорытындылай келе, Е. Тұрғымбаев осы жылғы 11 ақпанда Премьер-Министрдің орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өткізіліп, онда су тасқыны кезеңіне басқару органдарының, азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдары әзірлігінің жай-күйі қаралғанын атап өтті.